Павлодар облысында ішкі істер органдарына қызметкерлерді қабылдайды
Үміткерлердің жасы 35-тен аспауы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметкерлер үшін түрлі әлеуметтік пакет көзделген: қызмет өтіліне, лауазымына және арнаулы атағына байланысты лауазымдық жалақысын арттыра отырып, тұрақты және уақтылы жалақы, жыл сайынғы сауықтыру жәрдемақысы, ведомстволық емдеу мекемелерінде тегін медициналық қызмет көрсету, тұрғын үй жалдағаны үшін төлемдер (өз баспанасы болмаған жағдайда).
– Сондай-ақ 25 жыл еңбек өтілінен кейін зейнетке шығу құқығы, зейнеткерлікке шыққан кезде қызметкерлерге айлық ақшалай қаражаттың 3-тен 8-ге дейінгі мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді, – деді тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ренат Киреев.
Үміткерлердің бойы 170 см-ден кем емес, білімі орта (қатардағы құрам лауазымына) және жоғары (қызмет бағытына байланысты басшы құрам лауазымына), денсаулық жағдайы бойынша жарамдылығы (әскери-дәрігерлік комиссия айқындайды).
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы ІІМ ведомстволық жоғары оқу орындарына жоғары білім беру бағдарламасы бойынша келесі академияларға түсуге талапкерлерді қабылдау жүзеге асырылады: Қарағанды, Қостанай және Алматы, сондай-ақ Ақтөбе заң институты.
Үміткерлерге қойылатын талаптар: Қазақстан Республикасының азаматтығы, жасы 16-дан 25 жасқа дейін, ҰБТ бойынша 50 және одан көп баллдың болуы (әрбір пән бойынша кемінде бес балл, соттылығының болмауы, қыздар үшін бойы 157 см-ден, жігіттер үшін 165 см-ден аласа емес).
Қабылдау кезеңдері: медициналық комиссиядан өту, дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар, конкурстық комиссия. Оқу мерзімі төрт жылды құрайды.
Толығырақ ақпарат алу үшін мына нөмірлер бойынша хабарласу қажет: 8 (7187) 39-10-67, 39-10-80.