Қан тапсырмаған: Павлодарда мас жүргізуші сотталды
Ер адам сегіз жылға көлік құралдарын жүргізу куәлігінен айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қаңтар күні сағат 04:00 шамасында қала көшелерінің бірінде тәртіп сақшылары «Exxed LX» маркалы автокөлігін басқарған жүргізушіні тоқтатқан.
– Полицейлер жүргізушіден алкоголь иісі шығып тұрғандықтан, медициналық сараптамаға жіберген. Медициналық мекемеде дәрігер жүргізушіден алкотестерге үрлеуді өтінген. Алайда ол дұрыс үрлемегендіктен, дәрігер қан тапсыруды сұраған. Бірақ ол бас тартқан, – деп жазылған хабарламада.
Сотта жүргізуші кінәсін мойындамай, дәлелдемелердің болмауына байланысты соттан істі тоқтатуды сұрады.
Сот іс материалдарын, бейнежазбаларды, куәлардың айғақтарын зерделей келе, жүргізушіні ӘҚБтК 613-бабының 4-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.