Павлодар облысының жолдарындағы иесіз малдар мәселесі қалай шешілуде?
Бұл бағыттағы жұмыстар бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта автокөлік жолдарының бойында бақылаусыз жайылған малдың қауіп тудыру мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Алайда мамандардың айтуынша, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда бұл бағыттағы жағдай тұрақты және жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жергілікті атқарушы органдармен, ауылдық округ әкімдерімен және учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – малдың рұқсат етілмеген жерден жолға шығып кетуін болдырмау.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нариман Омардың айтуынша, өңірде мал айдауға арналған арнайы өткелдер бар және олардың барлығы жол белгілерімен реттелген.
– Малдың жол бойында жүруін болдырмау үшін әкімдіктермен және учаскелік полицейлермен бірлесіп тұрақты түрде жұмыс жүргіземіз. Облыстық және аудандық жолдарда айтарлықтай мәселе жоқ. Биылдың өзінде әртүрлі аудандарда 200-ден астам кездесу өткізіліп, тұрғындар жауапкершілікке шақырылды, – деді ол.
Биыл Қалқаман-Баянауыл-Үміткер бағытындағы автокөлік жолында ұзындығы 30 шақырым мал қоршауы орнатылды. Бұл – жол бойындағы қауіпсіздікті нығайтудың маңызды шараларының бірі. Дегенмен мамандар барлық жолды толықтай қоршау мүмкін еместігін айтады. Себебі елді мекендерге жақын жерлерде малдың арнайы өткелдер арқылы өтуіне рұқсат берілген.
Сонымен бірге, мал иелерінің жауапкершілігі де ерекше мәнге ие. Жол бойындағы қауіпсіздік бақташылардың малды қараусыз қалдырмауына тікелей байланысты.
Жол саласының өкілдері бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жергілікті органдармен бірлескен түсіндіру іс-шаралары, рейдтер мен кездесулер тұрақты түрде өткізілмек.