Екібастұзда жаңа жылу желілері қосылғалы үйлер жылына түсті

Екібастұзда жаңа жылу желілері қосылғалы үйлер жылына түсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Энергетиктер мен кеншілер қаласында екі негізгі жылу магистралі жаңартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл жұмыстарды жеке тексеріп, нәтижелеріне көңілі толды.

– Екібастұзды жақсы білетін адам ретінде 2022-23 жылдары жылумен қамтамасыз етуге байланысты қиындықтарға тап болғанымыз әлі есімде. Сол қыста әр ауланы аралап шыққанбыз, – деп еске алды Асайын Байханов. – Қаламызда 702 көппәтерлі үй, шамамен 5500 жеке үй және 90-ға жуық әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етілген. Жалпы, Екібастұзды жылумен қамтамасыз ету жұмыстары толығымен орындалды десек те болады. Жылумен жабдықтау параметрлері деңгейі жақсы. 

Биылғы жылы қалада екі негізгі жылу магистралі жаңартылды – ЖМ-1 және ЖМ-3. Жылумен қамту жүйесін жаңартуға түрлі көздерден барлығы он миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл – республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден бөлінген қаражат. Барлық ақша игеріліп, жаңа желілер гидравликалық сынақтардан өтті, сарапшылардың оларға қатысты ешқандай ескертулері жоқ. Құбырлар іске қосылды.

Аймақ басшысы Екібастұзға келуінің бірінші себебі жылумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Екіншісі – абаттандыру. Биыл қалада 20 футбол алаңы салынып, жазда роллердромға айналатын мұз айдындарын жарықтандыру және жаңарту жұмыстары жүргізілді. Үшінші себеп – вокзалдағы жөндеу жұмыстарын тексеру. Мердігер жыл соңына дейін ғимарат пен перрондарды қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр. Вокзалда хостел мен дәмхана ашылады. Сондай-ақ балалар ойын аймақтарын, ана мен бала бөлмесін, медпунктті іске қосып, жаңа жиһаз орнатылмақ.