Мичурин ауылында заманауи Мәдениет үйі ашылады

Мичурин ауылында заманауи Мәдениет үйі ашылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жобаның жалпы құны —1,2 миллиард теңге, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде көптен күткен Мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жаңа нысан «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеруде. 

Заманауи мәдениет ошағын салуды тұрғындар алғаш рет 2022 жылы көтерген екен. Ұзақ уақыт бойы ауылдық клуб бұрынғы қоғамдық монша ғимаратында орналасып келген. Халқы 2600-ден асатын ауыл үшін мұндай ғимарат тарлық еткені сөзсіз. Себебі шағын залға небәрі 75 адам ғана сыятын, ал үйірмелер мен шығармашылық жұмыстарға арналған арнайы бөлмелер болмаған.

Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, бүгінде жағдай өзгерген. Жаңа Мәдениет үйі Мичурин мен Госплемстанция ауылдарының арасында бой көтеріп жатыр. 

— Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Жәрдем» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстар жоспарға сай атқарылуда, ал нысанды осы жылдың қазан айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр, - дейді аудан әкімі. 

Былтыр құрылыс алаңында инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту және ғимарат қаңқасын тұрғызу жұмыстары толық аяқталса, биыл құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын бастап, сахна, фойе және кабинеттерді жабдықтауға кіріскен.

Жалпы аумағы шамамен 2 мың шаршы метр болатын жаңа Мәдениет үйінде 250 орындық көрермен залы, би залы, үйірмелерге арналған кабинеттер, әртістер және костюмдер бөлмелері, сондай-ақ әкімшілік кабинеттер орналасады. Нысан толықтай дайын күйінде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнда жиһаз, компьютерлік техника, музыкалық аспаптар мен заманауи LED-экран орнатылады.

Сонымен қатар, ғимараттың айналасы абаттандырылады. Жоба іске қосылғаннан кейін мекеме ауылдық клуб мәртебесінен Мәдениет үйіне ауысады. Бұл мәдени-көпшілік іс-шаралардың аясын кеңейтіп, жаңа шығармашылық бағыттардың ашылуына және тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.