Павлодар облысының оқушылары ядролық технологиялар паркіне барды
Бұл шараға 7-8-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Май ауданы Ақжар орта мектебінің оқушылары Абай облысының Курчатов қаласында орналасқан «Ядролық технологиялар паркіне» саяхаттап, қосымша білім мен тәжірибе жинақтады.
Ақжар орта мектебінде жыл сайын жазғы демалыс кезінде «Жас физик» профильдік лагері өткізіледі. Оған физиканы оқып үйренуге қызығушылық танытқан 7-8-сынып оқушылары қатысады.
Профильдік лагерь аясында оқушылар бір апта бойы Курчатовтағы «Ядролық технологиялар паркінде» болды. Балалар ядролық физика бөлімі бойынша дәріс алып, орталықтың зертханалық базасымен танысты.
– Маған бұл лагерь өте қатты ұнады. Бұл жерде біз өз білімдерімізді толықтырып, көптеген қызықты мағлұматтар алдық, мұражаймен таныстық, атомның қаншалықты қауіпті екендігін білдік, – деді 8-сынып оқушысы Елнұр Зекенов.
Кездесу соңында парк басшылығы қатысушыларға естелік сыйлықтар беріп, белсенді оқушыларды арнайы номинациялармен марапаттады.