Күн мен жел энергиясы Павлодардағы университеттің шығындарын азайтуға сеп болуда

Күн мен жел энергиясы Павлодардағы университеттің шығындарын азайтуға сеп болуда
Фото: pixabay.com/Elf-Moondance

Жоғары оқу орнында аумағында күн және жел энергетикасына арналған оқу-зерттеу кешені жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Халықаралық энергия үнемдеу күніне орай Торайғыров университетінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және студенттер арасында ресурстарды ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы білдік.

ЖОО аумағында күн және жел энергетикасына арналған оқу-зерттеу кешені жұмыс істейді. Оның құрамына күн панельдері мен жел генераторлары кіреді. Кешен жаңартылатын энергия көздерінен электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар студенттер баламалы энергетиканың мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде зерттейді.

Энергетика факультетінің деканы, PhD докторы, профессор Олжас Тәліповтің айтуынша, кешеннің жалпы орнатылған қуаты шамамен 20 кВт құрайды. Оның 11,52 кВт-ы күн панельдеріне, ал 8 кВт-ы жел қондырғыларына тиесілі. Өндірілген электр энергиясы университеттің жарықтандыру жүйесіне қосылған. Кешеннің нақты өндіріс көлемі орта есеппен 3–4 кВт болады.

Егер қондырғылар тәулігіне сегіз сағат жұмыс істейді деп есептесек, жылына шамамен 8760–11 680 кВт•сағ электр энергиясын өндіруге қауқарлы.

– Салыстыру үшін айтар болсақ, №3 кампустың жылдық электр энергиясын тұтыну көлемі 221 785 кВт•сағатты құрайды. Осылайша, көрсетілген жағдайда күн панельдері мен жел генераторлары ғимараттың жылдық қажеттілігінің шамамен 4–5,3 пайызын қамтамасыз ете алады, – дейді Олжас Тәліпов.

Кешен оқу алаңы ретінде де қолданылады. Студенттер күн панельдері мен жел генераторларының жұмысын бақылап, жаңартылатын энергия көздерінен қуат алу ерекшеліктерін зерттейді. Сондай-ақ алған білімдерін ғылыми-зерттеу жұмыстарында қолдана алады.

Университетте ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға, электр және жылу энергиясын ұтымды пайдалануға да көңіл бөлінеді.

– «Электр энергетикасы» кафедрасында энергетика, энергия тиімділігі және тұрақты даму салаларына мамандар даярлауға бағытталған «Энергия менеджменті және тұрақты даму» білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, – деп толықтырды Олжас Тәліпов.

Университеттің экологиялық бағыттағы жұмысының тағы бір нәтижесі – №3 кампусқа жүргізілген тәуелсіз бағалау. Ғимарат Қазақстанның жасыл құрылыс кеңесінің (KazGBC) экологиялық аудитінен өтіп, OMIR ғимараттарды экологиялық бағалаудың ұлттық стандарты бойынша «Күміс» деңгейіндегі сертификатқа ие болды. Тексеру қорытындысында нысан 110 балдың ішінен 53 балл жинаған.

OMIR – ғимараттардың тұрақты және экологиялық құрылыс қағидаттарына сәйкестігін анықтайтын ұлттық бағалау жүйесі. Аудит барысында сарапшылар ғимараттың энергия тиімділіг, суды ұтымды пайдалануы, ішкі ортаның сапасы, құрылыс материалдары, қалдықтарды басқару жүйесі, көлік қолжетімділігі және қоршаған ортаға әсерін сараптаған. Жалпы жүйе он санатқа біріктірілген 56 өлшемшартты қамтиды.

Университет өкілдері энергия үнемдеу әр адамның күнделікті әдетінен басталатынын атап өтті.

– Энергияны үнемдеу әр адамның мәдениетінен басталады деп есептеймін. Біз студенттер мен қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды экологиялық бастамаларға тартамыз. Энергия тиімділігі мәселелерін білім беру және ғылыми үдерістерде қарастырамыз. Біздің міндетіміз – электр энергиясын, жылуды және басқа да ресурстарды пайдалануға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, – деді факультет деканы.

Университет пен Қазақстанның жасыл құрылыс кеңесінің (KazGBC) өкілдері өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойды. Құжат жасыл құрылыс пен экологиялық тұрақтылық саласындағы әріптестікті дамытуға бағытталған.