Павлодарда 300-ге жуық тұрғынға жаңа үйдің кілттері табысталды

Павлодарда 300-ге жуық тұрғынға жаңа үйдің кілттері табысталды
Фото: Валерий Бугаев, Әлібек Дженалинов

Көп ұзамай тұрғын үйлердің жанында қажетті әлеуметтік инфрақұрылым пайда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ладожская көшесі, 17 мекенжайы бойынша бой көтерген тұрғын үйге жетім балалар, көп балалы отбасылар және әлеуметтік осал отбасылар санатындағы азаматтар қоныстанды. Үш санат бойынша кезекте тұрғандар Достық шағын ауданындағы 288 жаңа пәтердің кілттерін алды. Жаңа қоныс аударушыларды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыздың әл-ауқаты мен өмірін жан-жақты жақсарту міндетін қойып отыр, – деп еске салды аймақ басшысы. – Басты бағыттардың бірі – кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл тағы 250 пәтер тапсыратын боламыз. Олар «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында әлеуметтік-несиелік тұрғын үй бағыты бойынша беріледі, – дейді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы тұрғын үй алу кезегі баяу жүріп жатқаны үшін  кешірім сұрап, жерлестеріне шыдамдылық пен түсіністік танытқаны үшін алғысын білдірді. Кейбір үміткерлер 19 жыл кезекте тұрды.

Жаңа қоныстанушылардың бірі Юлия Платоненко ең алдымен үйге мысықты кіргізгенін айтады. 

Балалар үйінде болған кезде мені кезекке қойған еді. Мектеп түлегі атанып, лицейге, содан кейін технологиялық колледжге түстім, оқу бітіргеннен кейін тұрмысқа шықтым. Осы уақыт ішінде пәтер жалдадық, ал 16 жылдан кейін көптен күткен бақытқа қол жеткіздік, – дейді әйел қуанышымен бөлісіп. – Кеше бізге қоңырау шалып, келісімшартқа қол қою керектігін, ал бүгін пәтер алу жайлы айтты.

Облыс әкімінің сөзінше, Президенттің тапсырмасы мен бастамасы бойынша 1200 орындық жайлы заманауи мектеп салынып жатыр.

 – «Достық» шағын ауданының құрылысы жалғасады. Жақында 100 балаға арналған шағын орталық ашылады, емханаға жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, сондай-ақ үлкен мұз аренасы, концерт залы, мешіт салынады, – дейді ол. 

Қалалық қоғамдық көлік қозғалысы, оның ішінде трамвай бағыттарының желілері ұзартылатын болады.

 

Әлеуметтік баспана иелерінің бірі – Моңғолияның тумасы, қандас Жанат Дауан. Ол жұбайы Мағрипа Канкөнеймен бірге сегіз бала тәрбиелеп отыр.

–  2006 жылы Қазақстанға көшіп келіп, Мойылды ауылында тұрдық. Тұрғын үй кезегінде шамамен 17 жыл тұрдым және ешқашан үмітімді үзген емеспін. Мен мемлекетке өте ризамын, бұл біздің көптен күткен қуанышымыз, –  деп көпбалалы отбасының отағасы қуанышымен бөлісті.

Асайын Байханов жол инфрақұрылымы бөлігінде шағын ауданның айналасына трамвай желілері тартылып, жаңа айналымға қарай автомобиль жолы салынатынын айтты. Жобаны 2025-26 жылдары іске асыруға ниетті.

Айта кетейік, қазіргі таңда әлеуметтік тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам адам бар.