Павлодар облысында полиция қатары 60 жас қызметкермен толықты
Жас тәртіп сақшылары әріптестері мен тәлімгерлерінің алдында Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жас полицейлер мен олардың тәлімгерлерінің жыл сайынғы слеті қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының обелискіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Салтанатты рәсім барысында 60 жас қызметкер ант қабылдады. Оларды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев құттықтады.
– Полиция қызметкерінің басты міндеті – мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғау, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді ол.

Слет барысында жас полицейлер Достық үйінде отставкадағы полиция полковнигі Ерғанат Дүйсекеновпен кездесті. Бөлімше басшылары мен ардагерлер де жас әріптестеріне қызметтік жолға қатысты кеңестерін берді.
Қатысушылар Ертіс өзенінде суға батып бара жатқан қызды құтқарған Елдос Қойкенмен де кездесті. Сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейлерге арналған «Навсегда в наших сердцах» деректі фильмі көрсетілді.
Жас қызметкерлер полиция департаментінің Тарих және жауынгерлік даңқ музейін аралап, құқық қорғау органдарының қалыптасу тарихымен танысты.

Слет Жедел басқару орталығындағы экскурсиямен жалғасты. Мұнда жас полицейлерге қалалық бейнебақылау жүйесінің жұмысы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи технологиялар таныстырылды.