Павлодар облысының әкімі неліктен кәсіпорындарда қабылдау өткізетінін түсіндірді

Павлодар облысының әкімі неліктен кәсіпорындарда қабылдау өткізетінін түсіндірді

Өңір басшысы Асайын Байханов бүгін Екібастұз қаласындағы кәсіпорындарда азаматтарды қабылдауын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Асайын Байханов қала әкімі болған кезінен кәсіпорындарда көшпелі қабылдау тәжірибесін енгізгенін атап өтті. Оны қазір де жалғастыруда. Тек аумағы айтарлықтай кеңейген. 

- Бұл неліктен қажет? Ең басты себебі көшпелі кездесулер халықпен тікелей байланысты едәуір жеңілдетеді, еңбек адамдарын жұмысынан алаңдатпауға, кері байланыс орнатуға, аймақтың әр түкпіріндегі тұрғындарды не толғандыратынын түсінуге және алдағы айға, тоқсанға және жылға өз міндеттерімді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысы Екібастұзда облыстық басқармалардың басшыларымен бірге Б.Нұржанов атындағы 1-МАЭС және «Богатырь Көмір» кенішінің жұмыскерлері үшін бірыңғай қабылдау күні өткенін айтты. 

- Кеншілер мен энергетиктерді жылумен жабдықтау желілеріндегі жөндеу науқаны, тұрғын үй алу, көшелерді абаттандыру және денсаулық сақтау сапасы алаңдатады. Біз бірде-бір сұрақты жауапсыз қалдырған жоқпыз, толық түсініктеме бердік, кей мәселелерді сол жерде шештік, ұсыныстарды жұмысқа қабылдадық, - деді Асайын Байханов.

Облыс әкімінің ойынша, барлық тараптар қабылдаудың форматына және жауаптарға қанағаттанып аттанды. Сондай-ақ ол қол астындағы мемлекеттік қызметшілерге келесі көшпелі қабылдауға дайындалуды тапсырды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Асайын Байхан (@asaiyn.baikhan)

Фото: Валерий Бугаев