Павлодар облысында аулаларды абаттандыру жұмыстары күшейтілуде
Ерекше назар металлургтер қаласына аударылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар өңірінде инфрақұрылымды дамыту және аула аумақтарын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсуға жұмыс сапары аясында жол жөндеу жұмыстарының барысымен, балалар және спорт алаңдарын орнату жұмыстарымен танысып, қала тұрғындарымен кездесті.
Облыс әкімінің айтуынша, өткен жылдары негізгі қаржы Павлодар мен Екібастұз секілді ірі қалаларға бағытталған. Бұл қалаларда аулаларды абаттандыру деңгейі тиісінше шамамен 100 пайызға және 80 пайызға жеткен. Биыл басымдық Ақсу қаласына берілген.
– Өткен жылы 11 миллиард теңгені Ақсуға бағыттап, 17 көшеге асфальт төсеу туралы шешім қабылдадық. Оның ішінде 11 көше – топырақ жолдар. Қазір жол жұмыстарын бастаймыз, – деді Асайын Байханов.
Ол балалар алаңдарын орнату жұмыстары қатар жүргізіліп жатқанын да мәлімдеді.
– Әлі абаттандырылмаған 32 аула қалды. Оның ішінде сіздерге де балалар алаңдарын орнатамыз. Кейін аумақ мүмкіндік берсе, спорт алаңдарын да қоюға болады. Барлығын тұрғындарға ыңғайлы әрі жайлы болу үшін жасап жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы балалар алаңдарының кейде мақсатсыз пайдаланылатынын, яғни ересектердің қолдануы салдарынан ойын құрылғылары жиі істен шығатынын айтып, тұрғындардан нысандардың сақталуын қадағалап, олардың балалар тарапынан дұрыс пайдаланылуын бақылауды сұрады.
Кездесу барысында ақсулықтар жекеменшік нысандар маңындағы аумақтарды күтіп ұстау мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарының иелері көбіне тек ғимараттың алдыңғы бөлігін ғана абаттандырып, жанындағы аумақтарды қараусыз қалдырады.
Бұған жауап ретінде Асайын Байханов мұндай жағдайлар бақылауға алынатынын айтты. Ол Ақсу әкіміне «Қауіпсіз қала» бейнебақылау жүйесі арқылы бақылауды күшейтіп, санитарлық талаптарды бұзғандарға айыппұл салу шараларын қолдануды ұсынды.