Тереңкөл ауданында бассейн салу жоспарлануда
Болашақта аудан орталығы кеңейтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов 2023 жылы әр аудан орталығында бассейн салу туралы ұсыныс жасаған болатын. Тереңкөл ауданының әкімі Азамат Маңғұтовтың сөзінше, аймақ басшысының бастамасын орындау мақсатында сегіз мың адам тұратын ауылда 2025 жылы бассейн салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.
– Жоба аудандық және облыстық мәслихатының депутаттары, облыс басшылығына таныстырылғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Ағынды сулар және осы бассейнге техникалық қызмет көрсету жағынан көптеген мәселелер бар, – деп атап өтті ол.
Аудан әкімінде бассейн халықтың сұранысында болатынына күмәні жоқ.
– Тереңкөл ауылы Ертістің бойында орналасады. Біріншіден, жаз бойы жастарымыз, бала-шағамыз, аға-буын өкілдері өзенге барып шомылады. Ал қысқы уақытта олар қайда барады? Екіншіден, бұл – олимпиадалық спорттың бір түрі. Салауатты өмір салтын дамыту маңызды, – деді Азамат Маңғұтов.
Бассейннің жобасы қарастырылған кезде басқа аудандардың тәжірибесі ескеріледі.
– Ертіс, Аққулы Успен аудандарында жобалар бар. Әрине, салыстырып көретін боламыз. Алайда халықтың санын да негізге алу қажет. Біздің аудан – дамып келе жатқан, астық өсіретін аудандардың бірі, – деді Азамат Маңғұтов.
Оның айтуынша, Тереңкөл ауылы жерасты суларға жақын болғандықтан, көршілес аудандармен салыстырғанда өте төмен орналасқан. Сондықтан бассейн үшін ауыл орталығында емес, облыстық маңызы бар Михайловка жолының қасында Панфилов көшесіндегі жер қарастырылған.
– Бассейн ауылдың шетінде болса да, оны салып болған соң ауылдың дамуының бас жоспарына сәйкес басқа да нысандар тұрғызылады. Яғни, болашақта көпқабатты үйлер салынады. Себебі, ауданда тұрғын үй алуға кезекте 665 адам тұр, – деп нақтылады Азамат Маңғұтов.
Келесі жылы бассейннен бөлек Тереңкөл ауылындағы бұрынғы тубдиспансер ғимаратын реконструкциялау, Береговое ауылына кірме жолды орташа жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді деп жоспарлануда.