Павлодар жағалауында London Eye үлгісіндегі шолу дөңгелегі пайда болуы мүмкін

Павлодар жағалауында London Eye үлгісіндегі шолу дөңгелегі пайда болуы мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодарда Ертіс өзені жағалауындағы қоғамдық кеңістікті одан әрі дамыту жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жағалау Усолка шаңғы базасына дейін ұзартылып, жаңа жаяу жүргіншілер көпірі мен экопарк салу көзделуде. Сонымен қатар, жағалауда шолу дөңгелегін салу жоспарлары қарастырылып жатыр.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жас энергетиктермен кездесу барысында айтты.

Кездесу кезінде №3 жылу электр орталығының химия цехының бастығы Олег Григорьев өңір басшысына жағалауды одан әрі дамыту жоспарлары туралы сұрақ қойды. Ол Набережная көшесінде тұратынын айтып, Павлодар жағалауын қаланың ең тартымды қоғамдық кеңістіктерінің бірі деп бағалады.

Асайын Байхановтың айтуынша, қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмысы тек Павлодарда ғана емес, Ақсу мен Екібастау қалаларында да жүргізіліп жатыр.

– Жағалауды ұзарту екі негізгі жоба арқылы жүзеге асырылмақ. Біріншісі – Ертіс өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Оны Өзен вокзалы жағынан Усолка шаңғы базасына дейін салынуы жоспарлануда. Екіншісі – Усолка бөгеті аумағында экопаркін құру. Жаңа көпірден бастап жағалау Усолкаға дейін жалғасады. Нәтижесінде бұл Орталық Азиядағы ең ұзын жағалаулардың біріне айналады. Қазір осы нұсқаны пысықтап жатырмыз, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, жағалауға Лондондағы атақты London Eye («Лондон көзі») үлгісіндегі шолу дөңгелегін орнату жоспарланып отыр. Мұндай дөңгелектің басты ерекшелігі – жабық панорамалық кабиналары мен бір жағынан ғана бекітілетін консольдік конструкциясы.

– Жағалаудан күннің батуы өте әдемі көрінеді. Қазір осы жобаға демеушілер іздеп жатырмыз. Бұл жартылай коммерциялық жоба болады. Адамдар Павлодар қаласын жоғарыдан тамашалай алатын мүмкіндік жасаймыз, – деді Асайын Байханов.

Бұдан бөлек, өңірде екі мұз айдыны бар Мұз сарайын салу жоспарда бар. Оның жанында екі концерт залы бар Конгресс-холл және 25 мың көрерменге арналған стадион бой көтермек.

Әкім бұл нысандардың құрылысы қаланың мәдени және спорттық өмірін жандандырып, тұрғындарға, әсіресе жастарға, өз қаласында уақытын қызықты өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске сала кетейік, Павлодарда Ертіс үстінде серуендеу аймағы пайда болуы қарастырылып жатыр. Алдын ала тұжырымдама бойынша ескі көпірдің аумағында автотұрақ, серуендеу және велосипед аймақтары, сондай-ақ фуд-корттар орналастырылуы мүмкін. Жоба жүзеге асқан жағдайда тұрғындар мен қала қонақтарының Ертіс өзенінің көрінісін тамашалап, бос уақытын жайлы өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады.