Павлодар облысының тағы бір ауданында сұйық май өндірілмек

Павлодар облысының тағы бір ауданында сұйық май өндірілмек
Фото:profile.ru

2024 жылдың соңында Шарбақты ауданында тазартылған күнбағыс майын шығару жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов мәлім етті.

Бүгінде инвестор жер телімін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. «Айбарыс» компаниясы болашақ сұйық  май өндіру зауытына 60 пайызға дейін өз қаражатын салуға дайын. Компания озық технологияларды қолдануды көздеп отыр, – деді Серік Батырғожинов.

 Оның айтуынша, «Айбарыс» компаниясы Ресей Федерациясына жақын орналасқан Шарбақты ауданын таңдаған. Бұл аудан болашақ инвестор үшін де сауда нарығы бола алады. Жаңа кәсіпорынды күнбағыс тұқымымен жергілікті шаруалар қамтамасыз етеді. Ал, қазір өнімінің 70 пайызына дейін облыстан тыс жерлерге экспортталады. 

–  «Айбарыс» компаниясы жер телімін алып, жобасы қолдау тапты. Қазіргі таңда теміржол рельстерін  тартумен айналысуда. Жоба 20 миллиард теңгеге бағаланды. Толық қуатқа шыққанда кәсіпорын айына 50 тоннаға дейін өнім шығара алады, –  деді облыс әкімінің  бірінші орынбасары.

Оның сөзінше, соңғы екі жылда облыс агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту бойынша республикадағы жетекші орындардың бірін сақтап қалды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,2 есе өсіп, 136 млрд теңгені құрады. 22 миллиард теңгеден астам  сомаға 16 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды.