Ертіс ауданыдағы Қызылқақ ауылында су мәселесі шешіледі
Ауданда таза ауызсумен жабықталмаған жалғыз ауыл қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ертіс ауданында 27 ауылдық елді мекеннің ішінде бір ауылда таза ауызсу проблемасы әлі күнге дейін шешілмеген. Асайын Байханов Ертіс ауданының халқымен кездесуде бұл мәселеге назар аударды.
– Таза ауызсу, жолдардың жөнделуі, сапалы байланыс- ауыл тұрғындарын толғандыратын басты тақырыптардың бірі, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Бүгінде таза ауызсумен аудан халқының 96,3 пайызы қамтылды.
Биыл орталақтындырылған сумен Қызылқақ ауылын қамту жоспарда тұр. Бұл ауылда 251 адам тұрады. Бюджеттен 407 млн бөлінді.Бүгінде «КазЕвроСтрой» ЖШС мердігерлік ұйымы құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бөлек Қызылқақ ауылының тұрғындарын байланыс мәселесі алаңдатады. Асайын Байханов тиісті басқармаға осы мәселемен айналысуды тапсырды.
– Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысына Қолжетімді байланыс ұлттық жобасына Қызылқақ ауылын қосу керектігін айттым. Жақын арада бұл сұрақтың шешімін табамыз деп ойлаймын, – деді Асайын Байханов.
Оның сөзінше, ауданның ұялы байланыс операторларымен бірге Сілеті, Ынтымақ, Қараөткел, Үлгілі, Бұланбай, Қосағаш, Қараағаш, Степное , Тоқта ауылдарындағы байланыс қызметінің сапасын жақсарту амалдары талқыланып жатыр.
Фото: Константин Шелков