Павлодардағы қазақ театры жаңа қойылымды қолға алды
Спектакльдің қоюшы режиссері арнайы шақыртумен келген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа жылдан кейін жұмысқа білек сыбана кіріскен Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының ұжымы жаңа қойылымның сюжетімен танысуда.
Өнер ордасының әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразованың айтуынша, патша көңілді көрерменнің көңіл қылын шертетін қойылымды сахналайтын режиссер де осал емес. Ол - Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2025» театр өнерінің кәсіби сыйлығында «Үздік режиссер» аталымына ие болған Жұлдызбек Жұманбай.
Жұлдызбек Айтқалиұлы – Абай облысының тумасы. М.Төлебаев атындағы саз колледжін, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Эстрада миниатюра» бөлімін тәмамдаған. Ресей Федерациясы «Театр өнері» институтының «Режиссер» мамандығы бойынша магистрі. 2006-2012 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып еңбек етсе, 2015 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссерлік қызмет атқаруда. Кейіннен М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, Алатау дәстүрлі өнер театры, Ә.Мәмбетов театры және отандық көптеген театрлармен бірлесіп жұмыс істеп жүрген режиссерге жерлестеріміз де ұсыныс білдірген.
- Жұлдызбек Жұманбайдың таңдауы Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйі» атты шығармасына түскен. Туынды желісімен қарттар үйі туралы спектакль сахналанбақ. Жалпы, келген әрбір көрерменге терең ой сала алатын, бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған тақырыпты сөз ететін қойылым көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамыз, - дейді Аружан Оразова.
Қазіргі таңда ерекше туындыны сахналайтын актерлік құрам бекітілу үстінде. Әзірге актерлер арасында оқылым жүріп жатыр. Айта кетерлігі, спектакльге мүмкіндігінше толық актерлік құрам қатысады деп күтілуде.
Қазақ театрының жаңалығы мұнымен түгесілмек емес. Жаңа жыл қарсаңында театр труппасы тағы бір жас актермен толықты. Ол - Баянауыл ауданының тумасы Әділхан Жаңбырбай. Жас актер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын режиссер Есмұхан Обаевтың шеберханасынан «Музыкалық драма актері» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Бұдан бөлек, биыл қыркүйек айында қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, режиссер, педагог, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына орай «Ертіс-Баян ІІ» Республикалық театр фестивалі ұйымдастырылмақ.