Павлодар театры жаңа маусымда көрерменін қандай қойылымдармен қарсы алмақ?
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры 37-ші маусымын ашуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа маусымның шымылдығы 15 қыркүйек «Балам, қашан келесің?..» драмасымен ашылады.
Олардың күнтізбесінде тек бір ғана күн бар. Ол – «бүгін келеді» деген үміт күні. Алты тағдыр, алты түрлі өкініш және бір ортақ күту залы. Бұл мекенде уақыт тоқтап қалғандай, тек есіктің әрбір шиқылы жүректі дүрсілдетеді. Өз үйінде сыймағандар, өз баласына «артық жүк» болғандар мұнда не іздейді? Олар перзентін кешіре ме, әлде қарғай ма? Ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды – сағынған баласы ма, әлде ажал ма?
Авторы: Сәкен Сыбанбай. Режиссері: Жұлдызбек Жұманбай.
17 және 18 қыркүйек күндері қойылатын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көңілді Роджер» ертегісінің авторы – Данияр Салимзянов, режиссері – Әділет Ақанов.
Шығарма достық, еркіндік пен батылдық тақырыптарын арқау етеді. Оқиға желісінде теңіз төбеттері мен теңіз мысықтары қазына іздеп, түрлі сынақтарға тап болады. Қызықты оқиғалар барысында кейіпкерлер бір-біріне сенуді, қорқынышты жеңуді және шынайы достықтың қадірін түсінеді.
Жарқын кейіпкерлер, әсерлі музыкалық сүйемелдеу және тартымды сахналық шешімдер көрермендерді қиялға толы теңіз әлеміне жетелейді. Ұйымдастырушылар қойылымның балаларға ғана емес, ата-аналарға да ерекше әсер сыйлайтынын атап өтуде.
22 қыркүйек күні көрермендер назарына ұсынылатын «Күшік күйеу» комедиясының авторы – көрнекті қазақ жазушысы Тахауи Ахтанов, ал сахнаға лайықтап қойған режиссер – Жангелді Садықов.
«Күшік күйеу» – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін әзіл арқылы жеткізетін мазмұнды комедия. Басты кейіпкер Бекболаттың көзімен көрермен ауыл мен қала өмірінің айырмашылығын, дәстүр мен заманауи көзқарастың қақтығысын, тіл мәселесінің күрделілігін аңғарады. Қойылымда ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік, ұлттық құндылықтар мен отбасыдағы сыйластық терең әрі әсерлі бейнеленген.
Айта кетейік, 25-30 қыркүйекте қазақ театр өнірінің көрнекті өкілі, режиссер, педагог, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына орай «Ертіс-Баян» екінші республикалық фестивалі жоспарланған.