Павлодарда құны бес миллион теңге болатын күрделі жүрек операциясы тегін жасалды

Павлодарда құны бес миллион теңге болатын күрделі жүрек операциясы тегін жасалды
Фото: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облыстық филиалы

Науқасқа қолқа тамырының ажыраушы аневризмасы диагнозы қойылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының мәліметінше, кардиохирургия бөліміне 49 жастағы науқас өмірге аса қауіпті жүрек-қан тамыр ауруымен жедел жеткізілген.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай диагноз кезінде уақытылы хирургиялық көмек көрсетілмесе, өлім қаупі өте жоғары болады.

– Мамандар күрделілігі бойынша жетінші деңгейдің алтыншы санатына жататын операция жасаған. Хирургиялық араласу қан айналымын уақытша тоқтату және терең гипотермия жағдайында өтті. Науқастың миы мен өмірлік маңызды ағзаларын қорғау үшін дене температурасы 28 градусқа дейін төмендетілген, – делінген хабарламада.

Операция барысында дәрігерлер қолқа қақпақшасын механикалық протезбен алмастырды. Мамандардың жоғары кәсіби дайындығының арқасында операция сәтті аяқталды.

Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райханов қауіпті белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігер көмегіне жүгінудің маңызын атап өтті.

– Егер адамда кеуде тұсының, жауырын арасының немесе іштің кенеттен қатты ауыруы, сондай-ақ бас ауруы, әлсіздік немесе аяқ-қолдың ұюы байқалса, шұғыл түрде мамандандырылған медициналық орталықтарға қаралу қажет, – деді ол.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Оған оңалту шаралары, қосымша диагностика және дәрігерлердің бақылауы қажет.

Мамандардың мәліметінше, мұндай операцияның құны шамамен бес миллион теңгені құрайды. Алайда пациент МӘМС жүйесі аясында медициналық көмекті тегін алған.

Жыл басынан бері Павлодар облысында МӘМС қаражаты есебінен 200-ге жуық ашық жүрек операциясы жасалған. Бұл өңірдегі кардиохирургиялық көмектің жоғары деңгейін және жоғары технологиялық емнің халық үшін қолжетімді екенін көрсетеді.