Павлодар облысында қызылша жұқтырғандар саны азаймай тұр
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова мәлім етті.
– Өткен жылдың қазан айынан бастап облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 375 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Науқастардың негізгі үлесін 225 мыңнан астам 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. 63 адамда тұмау расталды, – деді Зәмзагүл Досжанова.
Оның айтуынша, коронавирус бойынша жағдай тұрақты. Статистикаға сүйенсек, 2024 жылғы қаңтарда 34 жағдай, ал ақпан айында 10 жағдай тіркелді. Өкінішке орай, қызылша ауруына шалдыққан науқастардың саны артуда, бір жарым айда 506 жағдай тіркелген.
Қызылша ауруының 71%-ы – ата-аналары вакцина алудан бас тартқан балалар. Сондықтан Павлодар облысында қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Бүгінде 32 мыңнан астам адамға екпе салынды.
Айта кетейік, ауа-тамшы жолымен берілетін инфекциялардың өсуіне байланысты Қазақстанда алдын алу шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. 8 ақпаннан бастап барлық медициналық ұйымдарда медициналық бетперделерді қолдану қажет. Сонымен бірге әуежайлардың, теміржол және автовокзалдардың, базарлардың, сауда-ойын-сауық орталықтарының, театрлардың, кинотеатрлардың, ХҚКО-лардың аумағында және қоғамдық көлікте бетперде тағу ұсынылады.