Екібастұздық дәрігер Еуропа көгінде ұшқан жолаушыны құтқарды

Екібастұздық дәрігер Еуропа көгінде ұшқан жолаушыны құтқарды
Фото: Анар Курквайқызының жеке архивінен

Дәрігер ұшақ бортында есінен танып қалған әйелдің жағдайын бір сағаттан астам уақыт қадағалап тұрды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұздық №3 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Анар Курквайқызы Астанадан Прагаға ұшып бара жатқан жолаушыға жедел медициналық көмек көрсетті.

Дәрігердің айтуынша, ұшып шыққаннан кейін шамамен бір сағаттан соң бортта медициналық маман қажет екендігі туралы хабарландыру жасалды. Дәрігер ойланбастан жауап берді. Әйелдің жағдайы ауыр болды: қан қысымы төмендеді, есінен танып қалды және шок болды.

- Мен дереу аяқтарын көтеріп, бетіне салқын су шаштым. Алайда, жағдайы жақсармады, сондықтан бұлшықет ішіне дәрі бердім. Инъекциядан кейін жолаушы біртіндеп есін жинай бастады, - деп еске алады дәрігер. – Әйел есін жиғанда, мұндай жағдайды бірінші рет бастан кешіріп жатқанын және созылмалы аурулар бойынша медициналық орталықта тіркелмегенін түсіндірді. Оның жұмысы жиі сапар шегуді қажет етеді, сондықтан ол жиі ұшады.

Ұшақ қонғанға дейін дәрігер науқас жолаушымен бірге болып, оның жағдайын бақылап отырды. Ұшақ қонғаннан кейін олар байланыс ақпараттарымен алмасып, байланыста болды. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы тұрақты және ешқандай шағымы жоқ.

- 2020 жылы мен Семей медициналық университетін жалпы тәжірибе мамандығы бойынша бітірдім. Гастроэнтерология бойынша біліктілікті арттыру үшін Прагаға ұштым. Дәрігер болу менің балалық арманым және ата-анамның тілегі болды. Мен өз мамандығыммен мақтанамын және әрбір науқасқа жауапкершілікпен және мұқият қараймын, - деді екібастұздық маман.

Медицина қызметкері өзінің кәсіби тәжірибесінде төтенше жағдайлар жиі кездесетінін мойындайды, бірақ бұл оның ұшақ бортында медициналық көмек көрсетуі алғаш рет болды.