Успендіктер облыс әкімінен ауылдарында дәріхана ашуды сұрады
Лозов ауылдық округіндегі ескі дәріхана құжаттардың сәйкессіздігінен жабылып қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің халықпен кездесуінде Қаратай ауылының тұрғыны Әлнашыр Байзильденов ауылдағы бірнеше өзекті мәселені атап өтті. Оның айтуынша, қазір аудан орталығында заманауи медпункт ашылған. Алайда, Лозов округінде дәріхана жоқ. Бұл жағдай сол округке қарасты ауыл тұрғындарына қиындық туғызып отыр.
Асайын Байханов дәріхана мәселесіне түсініктеме берді. Атап айтқанда, қазіргі таңда мемлекет ауылдық жерлерде дәріханалар ашпайды, бұл кәсіпкерлікке қалдырылған.
– Келесі жылдың бірінші тоқсанында бір кәсіпкер үш ауылға арналған дәріхана ашамын деп ниеттеніп отыр. Аудан әкімдігі оның бастамасын қолдап отыр. Бірақ ескеретін бір жайт бар: ауылдық жерлерде дәрі-дәрмекке сұраныс аз, тұрғындардың көбі дәріні қаладан немесе аудан орталығынан алады. Осыны ескере отырып мәселені шешу жолын қарастырайық, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, жүздесу барысында ауылға көшіп келуге ниет білдірген қандастар саны көп, бірақ үйлер тапшылығы мәселесі қарастырылды.
– Қытайдан бес жанұя келмекші еді, бірақ үйлер жоқ. Осы орайда үйлер салынса жақсы болар еді. Ниеттеніп келетіндер әлі көп, – деді Қаратай ауылының тұрғыны Әлнашыр Байзильденов.
Тұрғын үй мәселесіне қатысты өңір басшысы қазіргі уақытта құрылыс негізінен әлеуметтік осал топтарға және кезекте тұрған азаматтарға жүргізіліп жатқанын атап өтті. Көшіп келетіндер үшін үйлерді кәсіпкерлермен бірлесіп салу көзделген.
– Егер шаруашылықтар өз ауылдарына жұмысқа тарту үшін адамдарды көшіруді қаласа, кәсіпкерлер өздері үй салып берсе, біз субсидия беруге дайынбыз, – деді Асайын Байханов.
Қазір облыс әкімдігі барлық үлкен шаруашылықтармен меморандумға отырған және жұмыскерлерге үй салу мәселесінде кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын екені пайымдалды.