Павлодарда өткен домбырашылар байқауында атыраулық өнерпаз миллион теңге ұтты

Павлодарда өткен домбырашылар байқауында атыраулық өнерпаз миллион теңге ұтты
Фото: Константин Шелков

Жеңімпаздарды домбырашылар конкурсының гала-концертінде марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Естай атындағы мәдениет сарайында байқау жеңімпаздары мен ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімовтің жетекшілігіндегі Р. Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен гала-концерт өтті. Сондай-ақ, байқауға қатысушылар мен жеңімпаздарды марапаттап, ақшалай сыйлық берілді.

Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омарова кештің құрметті қонағы болды.

–Әкемді еске алып, құрмет көрсетіп жатқандарына алғыс айтамын. Ол кісі талантты еді. Өнерді жақсы көретін. Домбыраны бар ниетімен сезініп шертетін. Өнер адамы болғандықтан нәзік мінезді болды, жан-жағындағы қиналған кісілерді көрсе бірге көңілі босап, жүрегі ауырып көмектесіп жүретін, – деп әкесін еске алды Қарлығаш Омарова.

Төрт күн бойы өткен додаға Алматыдан бастап, еліміздің бас қаласы Астана, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалалары, Абай облысы, Баянауыл ауданы және өңіріміздің өрелі өнерпаздары өз бақтарын сынады.

Соңғы мәреге жеткен домбырашылардың тартысты өнерлерінен кейін топты жарып шығып бас жүлдені Атырау облысы Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі, домбырашы Жәнібек Жәмиев жеңіп алды. Бірінші орынға Алматы қаласының жас талантты домбырашысы Жантілек Жұмагелдиев ие болды. Екінші орынға Роза Бағланова атындағы «Қазақонцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы, «Астана Сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің әртісі Дарын Құдайбергенов және Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі Мади Тулев ие болды. Ал үшінші орынды Абай облысының домбырашысы Ерболат Талапхан және Астана қаласының студенті Дәулет Оңғар иеленді. Арнайы жүлдені Өскемен қаласының күйшісі Ерасыл Ринатов, Алматы қаласының жас домбырашысы Наурызбек Кузанбаев және оқушысы Нұрали Саят алды.

Бас жүлдеге миллион теңге берілсе, бірінші орын 700 мың теңге, екінші орынға 400 мың теңге, ал үшінші орынға 300 мың теңге берілді. Арнайы жүлдеге 200 мың теңге қарастырылды. Қатысушылар 100 мың теңге ақшалай сыйлықтарымен қоса Рүстембек Омаровтың өмірбаян жазылған кітапшаларды сыйға алды.