Павлодарлық опера дивасы туған күнін қандай сусынмен атап өтті?
Павлодарлық опера әншісі Мария Мудряк туған күнін ерекше форматта атап өтіп, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әнші Instagram парақшасында мерекелік кештен Reels жариялады. Бейнежазбада ол достарының ортасында торттағы шамдарды үрлеп сөндіреді. Осы сәтте қонақтардың бірі оған алкогольдік сусын ұсынғанымен, Мария Мудряктың жауабы көпшілікті таңғалдырды — ол күлімсіреп: «Мен шай ішемін» деп, достарымен шай құйылған кесемен соғысты.
Осы деталь бейнежазбаның басты ерекшелігіне айналып, роликке ерекше көңіл-күй сыйлады.
«Кеше шынымен де сиқырлы күн болды, мен міндетті түрде қайта ораламын... Ал бүгін менің туған күнім дәл сағат 12:00-де, жақын достарымның ортасында басталды. Сіздерге көп рақмет, достар! Мен әрқашан бұл күнді дәл осылай атап өтуді армандадым», - деп жазды ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мерекелік кеште Марияның жақын достары — Эльмар Бөрібаев, Айгерім Бекетаева, Дархан Аймағанов, Александра Пушкина және Алмас Әшім болған.
Айта кетейік, әншінің туған күні оның шығармашылық өміріндегі маңызды кезеңмен тұспа-тұс келді. Жақында Мария Мудряк «Astana Opera» сахнасында он жылдан кейін қайта оралып, Джузеппе Вердидің әйгілі «Травиата» операсындағы Виолетта партиясын орындады.
Көрермен залы лық толып, әншінің өнері ұзақ қол шапалақпен қарсы алынды. Қойылымға испаниялық тенор Жоэль Прието мен қазақстандық баритон Талғат Мұсабаев та қатысты. Көрермендер Мария Мудряктың өнерін жоғары бағалап, оның орындауын әсерлі әрі кәсіби деңгейі жоғары деп атап өтті.