Иса Байзақов атындағы филармония ұжымы мерейтойлық маусымын бастауға дайын

Иса Байзақов атындағы филармония ұжымы мерейтойлық маусымын бастауға дайын
Фото: Филармониядан

Өнерпаздар 85-маусымды симфониялық кешпен ашуды жөн көрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20 қыркүйек күні сағат 17:00-де Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы өзінің мерейтойлық 85-ші концерттік маусымын ашады. Жаңа музыкалық бағдарламаның басты ерекшелігі — «Бетховен мен Моцарт. Данышпандар диалогы» атты симфониялық концерті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрерменге ерекше көңіл күй сыйлауы тиіс.

– Мерейтойлық маусымның алғашқы концерті павлодарлық көрермендер үшін әзірленген ауқымды музыкалық бағдарламаның бастамасы болмақ. Кеш әлемнің екі ұлы композиторы — Вольфганг Амадей Моцарт пен Людвиг ван Бетховеннің шығармашылығына арналады. Бағдарламаны Моцарттың K. 492 «Фигароның үйленуі» операсына жазған увертюрасы ашады. Бұл — композитордың опералық мұрасының символына айналған шапшаң әрі жарқын шығарма, – дейді филармония өкілдері.

Одан кейін Бетховеннің Бесінші симфониясы орындалады. Шығарма драматизм, ширығу және қуатты ішкі энергияны үйлестіре отырып, әлемдік симфониялық музыканың биік жетістіктерінің бірі саналады.

Концерттік бағдарламаны Моцарттың до мажордағы K. 467 №21 фортепиано мен оркестрге арналған концерті қорытындылайды. Фортепиано партиясын Алматыдан келген пианист-виртуоз Асқар Кульшарипов орындайды. Ол Павлодар музыкалық колледжінің және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты.

Ал дирижерлік тұғырда — Диас Үсенов болады.

Еске сала кетейік, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы музыкалық аспаптар қорын толықтырды. Алғашқы партия шілде айының соңында жеткізілді. Оның құрамында Германия, Франция, Жапония, АҚШ және Ресейдің жетекші өндірушілерінің 21 түрлі аспабы бар. Олардың қатарында фагот, кларнет, виолончель, контрабас, саксофондар, баяндар, клавинола және басқа да аспаптар бар.