Павлодарлық ғалымдар Баянауылда темір өндірілген кезеңді алғаш рет анықтады

Павлодарлық ғалымдар Баянауылда темір өндірілген кезеңді алғаш рет анықтады
Фото: Константин Шелков

Зерттеу жұмыстары ортағасырлық Сарыарқа даласындағы көшпелілердің тұрмыс-тіршілігі туралы көбірек білуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алтын Орда дәуіріне жататын темір өндірісінің іздері табылған қоныстарды зерттеудің аралық қорытындылары Торайғыров университетінде өткен «Моңғол империясы мен Алтын Орда дәуіріндегі Ертіс өңірі» атты дөңгелек үстелде таныстырылды.

Әлкей Марғұлан атындағы біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Илья Мерцтің айтуынша, мұндай тарихи ескерткіштер ғалымдар үшін ерекше қызығушылық тудырады. Себебі Алтын Орда дәуіріндегі қарапайым көшпелілердің Солтүстік-Шығыс Сарыарқадағы күнделікті тұрмысын көрсететін орындар жерлеу кешендері мен қалалық қоныстарға қарағанда өте аз зерттелген.

– Негізінен мұндай орындар өндіріс қалдықтары – темір шлактарының шоғырлануымен ерекшеленеді. Оларға радиокөміртектік талдау жүргізіп, табылған материалдардың XIII ғасырдан XIV ғасырдың бірінші жартысына дейінгі кезеңге жататынын анықтадық. Қазір шлактардың өзін зерттеп жатырмыз. Бұл – жұмыстың келесі кезеңі. Процесс күрделі әрі технологиялық тұрғыдан ауқымды. Зерттеу арқылы сол кезеңде қолданылған технологияларды сипаттап қана қоймай, темір өндіру дәстүрінің қайдан шыққанын да анықтауға мүмкіндік туады, – дейді археолог.

Қоныстарды зерттеу арқылы бұрынғы дәуірлердегі адамдардың күнделікті тұрмысын да зерделеуге болады. Ғалымдардың айтуынша, жұмыстың келесі кезеңінде табылған материалдарға жан-жақты сипаттама беріледі. Оны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Баянауыл ауданындағы қоныстарды павлодарлық мамандар алматылық әріптестерімен бірлесіп зерттеп жатыр. Табылған заттардың жасын анықтау үшін ғалымдар Жапонияның бірнеше ғылыми зертханасында радиокөміртектік талдау жүргізген. Жапон мамандары ежелгі темір металлургиясын зерттеудегі тәжірибесіне байланысты тартылған. Павлодарлық Ертіс өңірі үшін археологиялық зерттеудің бұл бағыты – тың сала.

– Бұған дейін мамандар негізінен жерлеу және еске алу кешендерін зерттеуге басымдық беріп келді. Темір шлактарының құрамында ағашты жағу арқылы өндіріс кезінде қалған органикалық заттар, яғни ағаш көмірінің қалдықтары сақталған. Радиокөміртектік мерзімді дәл осы көмір арқылы анықтадық, – деп түсіндірді Илья Мерц.

Бұған дейін Торайғыров университетінің археологтары ресейлік антропологтармен бірлесіп, шамамен 3500 жыл бұрын қазіргі Павлодар Ертіс өңірінің аумағында өмір сүрген әйелдің болжамды келбетін қалпына келтірген болатын. Зерттеушілер Екібастұз ауданындағы Жартас қорымынан бұзылмаған жерлеу орнын тапқан.

Қабір үстіндегі құрылыстарға сүйене отырып, ғалымдар бұл ескерткішті Орталық Қазақстандағы кейінгі қола дәуірінің ірі мәдениеттерінің бірі – сарғары-алексеев мәдениетіне жатқызады. Сүйектердің жақсы сақталуы заманауи жаратылыстану әдістерін қолдана отырып, кешенді зерттеу жүргізуге мүмкіндік берген.

Ғалымдар сүйектердің жасы 45–55 аралығындағы әйелге тиесілі екенін анықтады. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 1506–1446 жылдары өмір сүрген. Антропологтардың мәліметінше, әйел бас сүйегінің ұзынша әрі салыстырмалы түрде жіңішке пішінімен ерекшеленетін еуропеоидтық долихокранды типке жатқызылған. Ал қаңқасының құрылысы Еуразия даласындағы көшпелі және жартылай көшпелі қауымдарға тән далалық морфологиялық типке сәйкес келеді.