Павлодарда алғашқы облыстық балалар инклюзив фестивалі өтті
Оған жүзге жуық бала қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Автомобилист» спорт кешенінде «Тең мүмкіндіктер» атты бірінші облыстық балалар инклюзивті бочча спорт түрінен фестиваль өтті. Қатысушыларға облыс мектептерінің инклюзивті сыныптарынан 90-нан астам бала қатысты.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы және облыстың бочча федерациясының басшысы Илья Теренченко фестивальдің маңыздылығына тоқталды.
– «Тең мүмкіндіктер» фестивалі «Кедергісіз келешек» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Оның мақсаты – жастар арасында инклюзивтілікті насихаттау. Жүйелі жұмыс көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауға мүмкіндік береді, – деді Илья Теренченко.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік командалар Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама алады. Өткен жылы облыс құрамасы республикалық жарыста үшінші орынды иеленді. Биыл Астанаға Павлодардағы А. Шамкенов атындағы мектеп, Луганск орта мектебі, Евгеньевка ауылынан Ю.Гагарин атындағы орта мектеп, және Ақсу қаласының №7 орта мектебінің оқушылары баратын болады.
Фестиваль қатысушылары жеңіс үшін табандылықпен сайысты. Евгеньевка ауылынан келген Мирас Бейсембай жарыстан алған әсерімен бөлісті.
– Мен бірінші орын аламын деп үміттенемін. Бұл спорт түрімен 2020 жылдан бері айналысып келемін. Бұл мен үшін өте қызық жарыс, – дейді мектеп оқушысы.
Соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табыс етілді.
Айта кетейік, депутаттық корпустың қаржылай қолдауының арқасында Екібастұзда бочча федерациясының жаңа филиалы ашылды.