Павлодарда аула футбол лигасының кезекті маусымы аяқталды

Павлодарда аула футбол лигасының кезекті маусымы аяқталды
Фото: «Сенімен болашақ» ҚБ

Жетекші ауылының футболшылары үздік шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда аула командалары арасындағы жазғы футбол лигасы ресми түрде мәресіне жетті. Жастар үшін бұл турнир жай ғана спорттық сайыс емес, достық пен жауапкершілікті шыңдайтын нағыз өмір мектебіне айналды. Шараны «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырды. 

- Турнир осымен үшінші маусым қатар өткізіліп отыр және жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы шілде мен қыркүйек аралығында бар болғаны 6 команда қатысса, биыл жарысқа 50-ге жуық ұжым кірісіп, 560-тан астам баланы біріктірді. Жарыс форматы бойынша командалар алдымен тұрақты чемпионатта, кейін Кубок жолында бақ сынасты, - дейді ұйым белсендісі Ризат Айтуар.

Турнирдің қос жүлдесін де — лигада да, Кубокта да топ жарған «Жетекші» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздарды «Ертіс» пен Қазақстан құрамасының аты аңызға айналған ардагері Юрий Ишутин марапаттады.

Ұйымдастырушылар тек спорттық нәтижеге емес, жас өспірімдердің тәртібіне, қарсыласқа деген құрметі мен командалық ауызбіршілігіне ерекше мән береді. Ойындар барысында балағат сөздер айтқандар тәртіптік жазаға тартылса, матч аяқталған соң қатысушылар алаңды өздері жинап, тазалап кетеді. Бұл бастама жастарды спортқа баулып қана қоймай, мәдениеттілік пен тазалыққа да тәрбиелеуде.