Павлодарда арманы орындалған келіншек ел қауіпсіздігін күзетуде

Павлодарда арманы орындалған келіншек ел қауіпсіздігін күзетуде
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде аға лейтенант Дана Сағындыққызы қызмет етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ол ерлермен қатар өз 20 жылдан астам уақыт бойы Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп келеді. Бүгінде тәжірибелі офицер ретінде Павлодар қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүр. Дана Сағындыққызы әскери қызметті бала кезден армандағанын айтады. Оның әпкесі де әскери қызметші болған. Сол себепті әскери формаға қызығушылық ерте оянып, кейін саналы түрде осы жолды таңдаған.

– Мен үшін Отанға қызмет ету – жүректің таңдауы. Ұлттық ұлан сапында болу ел тыныштығына үлес қосу деп түсінемін, – дейді офицер.

Ол қазіргі таңда әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінде мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекші қызметін атқарады. Негізгі міндеті – әскери ортада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне ықпал ету және тіл мәдениетін дамыту. Офицердің айтуынша, әскери қызмет – үлкен жауапкершілік. Әсіресе антқа адал болу, тәртіп пен салқынқандылықты сақтау – басты талаптардың бірі. Әскерде әрбір қызметші тек өзіне ғана емес, жанындағы қаруласына да жауапты.

Қызмет барысында есте қалған оқиғалар да аз емес. Алғаш әскери қызметке келген кезде инженерлік даярлықта жертаса қазу сияқты қиын жұмыстарға қатысқанын еске алады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді насихаттауға арналған іс-шараларда сарбаздармен бірге түрлі мәдени кездесулер ұйымдастырып жүргенін айтады.

– Әскери ортада басты өлшем – біліктілік пен жауапкершілік. Егер өз ісіңді адал атқарсаң, жынысқа қарамай кәсібилік бағаланады, – дейді ол. Дана Сағындыққызының жолдасы да әскери қызметші. Сондықтан отбасы мен қызметті қатар алып жүру өзара түсіністік пен қолдауға негізделген. Оның айтуынша, уақытты дұрыс жоспарлау – екі міндетті қатар атқарудың басты кілті.

Бүгінде әйелдер әскери салада да өз қабілетін дәлелдеп келеді. Офицердің пікірінше, әйел әскери қызметшінің ерекшелігі – нәзіктік пен табандылықты қатар алып жүруінде. Дана Сағындыққызының еңбегі басшылық тарапынан да жоғары бағаланған. 2023 жылы Алматы қаласында өткен «Үздік маман» байқауында бірінші орын иеленген.

Қару асынған нәзікжанды офицер бүгінде әріптестері арасында сыйлы маман. Ол алдағы уақытта да ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етуді мақсат етеді.