Павлодарда балалық арманға арналған жаңа мурал пайда болды

Павлодарда балалық арманға арналған жаңа мурал пайда болды
ЖИ иллюстрациясы

Қабырға суретінде қаланың көрікті жерлері мен ғарыш әлемі бейнеленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір орталығында «Өнерлі шаһар» жобасы аясында «Арман» атты жаңа мурал салынды. Туынды балалық қиял мен туған қалаға деген сүйіспеншілікке арналған.

Композицияның ортасында ай үстінде ұйықтап жатқан бала бейнеленген. Оның түсінде Ертіс өзені, көпір мен Павлодар жағалауы ғарыш әлемімен ұштасып, болашақ қаланың көрінісін қалыптастырады.

Суреттегі жұлдыздарға қарай ұшып бара жатқан қағаз ұшақ адамның арманына жетуге, жаңалық ашуға және биік мақсаттарға ұмтылысын білдіреді.

Муралдың тағы бір ерекшелігі – оның орналасқан жерінің тарихымен байланысы. Бұрын бұл аумақта павлодарлықтардың есінде қалған «Глобус» дүкені болған. Суретшілер осыны ескеріп, қаланың көрінісін үлкен глобустың ішіне орналастырған.

Жаңа туындыны Астанадан келген Art Game суретшілер тобы салды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Өнерлі шаһар» жобасы аясында Павлодарда Қазақстанның әскери қызметшілеріне арналған «Батыр рухы» және қазақтың әйгілі кейіпкеріне арналған «Қыз Жібек» муралдары салынған болатын.