Павлодарда атты патруль қызметкерлері жылқыны қалай күтеді?
Қорек мен күтім күнделікті бақылауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда қоғамдық тәртіпті күзетуде атты полицияның қызметі ерекше рөл атқарады. Жылқымен патрульдеу саяжай алқаптары мен көлікпен жету қиын аумақтарды бақылауға мүмкіндік береді. Полицейлердің айтуынша, жаз мезгілінде мұндай патрульдер ұрлықтың алдын алуға және құқықбұзушыларды жедел анықтауға көмектеседі.

Полициядағы аға сержант, бөлімше командирі Даниял Егоров атты полиция қатарында бес жыл еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, бұл қызметке ауылда өскені және жылқыға жақындығы себеп болған.
– Өзім ауылда туып-өстім. Әскерден келген соң кавалерия құрамында қызмет ету ұсынылды. Мен бірден келістім, өйткені атқа мінуді білемін және жылқыларды жақсы түсінемін. Қоғамдық тәртіпті күзетумен айналысамыз, бұл да кәдімгі патрульдік қызмет. Бірақ әртүрлі адамдармен кездесіп, түрлі жағдайларға тап боламыз, – деді Даниял Егоров.
Аға қызметкердің сөзінше, саяжай аумақтарында жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі – металл ұрлығы. Осындай кезекті рейдтердің бірінде атты патруль күмән тудырған көлікті тоқтатып, қылмыстың бетін ашқан.
– Бір газель көлігін тексеру барысында оның ішінде темір-терсек бар екенін анықтадық. Патрульдік топты шақырдық. Кейін олардың саяжайлардан металл ұрлап жүргені белгілі болды, – деді бөлімше командирі.

Даниял Егоровтың тұрақты серігі – Ахиллес есімді жылқы. Полицей оны қызметке алғаш келген кезде өзі таңдаған. Оның айтуынша, Ахиллестің мінезі қырсық болғанымен, қызмет барысында сенімді серікке айналған.
– Жылқыларға күтім жасау да полицейлердің күнделікті міндетінің бір бөлігі. Аттар күніне үш рет қоректенеді, ал аптап ыстықта олардың жағдайы ерекше бақылауға алынады. Сондықтан, патрульдеу кезінде жылқылар ауыстырылып отырады, – деді ол.
Даниял Егоровтың жадында ерекше сақталған оқиғалардың бірі шамамен бір жарым жыл бұрын болған. «Строитель» бағбаншылық серіктестігінің аумағында күдікті адамның әрекеті назарға ілігіп, оны атпен қууға тура келген.
– Есірткі жасырған адамды байқап қалдық. Соңына түсіп, тоқтаттық. Әдетте адамдар жылқыны көргенде сескеніп қалады. Ахиллес қырсық мінезіне қарамастан күдіктіге қарай батыл ұмтылды. Кейін жедел топ шақырылып, барлық іс-шара нұсқаулыққа сәйкес жүргізілді. Күдікті ұсталды, – деп еске алады полиция қызметкері.

Ал полиция кіші сержанты Аманғали Ордабек атты полиция қатарында екінші жыл қызмет етіп жүр. Ол оңтүстік саяжайлар аумағында қоғамдық тыныштықты күзетеді.
– Біз күніне екі рет қызметке шығамыз. Таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін саяжайлардың тыныштығын күзетеміз. Саяжай иелерімен қарым-қатынасымыз жақсы. Әсіресе, балалар атты патрульге қызығушылық танытады, – деді ол.

Полицейлер жылқыларға өздері күтім жасайды.
– Бұл жылқының есімі – Жұлдыз. Ол сәбізді жақсы көреді, күніне үш мезгіл жем жейді. Аптасына екі рет шомылдырамыз. Атты баптау оңай емес, оны әр адам біле бермейді. Мен ауылда өскендіктен жылқымен жұмыс істеу маған жақын. Алғаш келгенде бәрі үйретілген болатын, бірақ уақыт өте келе атпен жақынырақ танысып, сөйлесіп, байланыс орнатасың. Жұлдыз мені бірден қабылдады, – деді кіші сержант Аманғали Ордабек.
Павлодарлық атты полиция қызметкерлері үшін жылқы тек көлік құралы емес. Олар күн сайын бірге қызмет атқаратын сенімді серік әрі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін маңызды көмекші саналады.