Павлодар облысында 2027 жылғы егіске дайындық басталды

Павлодар облысында 2027 жылғы егіске дайындық басталды
Фото: Pexels.com/Ábrahám Szilárd

Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде 189,9 мың гектар пар өңделіп, 212,3 мың гектар жерде күзгі жер жырту жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары егіс алқаптарын дайындау жұмыстарын жиын-теріммен қатар жалғастырып жатыр.

Келесі жылдың өніміне қажетті сапалы тұқым қорын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі аттестатталған тұқым шаруашылықтарында тұқымдық алқаптарға апробация жүргізілді.

2027 жылғы егіске жоспарланған 172,3 мың тонна тұқымның бүгінде 168,6 мың тоннасы немесе 98 пайызы дайындалды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың тұқымы бойынша жоспар 102 пайызға орындалып, 88,6 мың тонна тұқым дайындалды. Картоп тұқымының 77,1 мың тоннасы немесе қажетті көлемнің 97 пайызы қалыптастырылды.

Облыс әкімі Асаqsн Байханов келесі жылдың егіс науқанына дайындықты жиын-терім аяқталғанша күтпей, қазірден жүйелі түрде жүргізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, топырақты күзгі өңдеу, тұқым қорын қалыптастыру және техниканы дайындау жұмыстары егіс науқанының сапалы өтуіне тікелей әсер етеді.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті техниканы жаңарту да жалғасуда. Жыл басынан бері облыста 37 миллиард теңгеге 1 222 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның 575 бірлігі 21,9 миллиард теңгеге лизинг арқылы алынған. Жаңартылған техниканың қатарында 409 трактор мен 55 астық жинайтын комбайн бар.

Өңірде келесі жылғы өнімді қабылдау және сақтау мәселесі де алдын ала қарастырылған. Облыстағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы шамамен 1,2 миллион тоннаны құрайды. Оның ішінде алты лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны 277,3 мың тоннаға, ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 263 қоймасы 912 мың тоннаға есептелген.

Қазіргі уақытта элеваторлардың жүктемесі шамамен 21 пайызды құрайды. Бұл жаңа астықты қабылдауға жеткілікті резерв бар екенін көрсетеді.

Көкөніс сақтау инфрақұрылымы бойынша да жұмыс жүргізілуде. Облыстағы 160 көкөніс қоймасының жалпы сыйымдылығы 628 мың тоннаға жетеді.

Сонымен қатар шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі бақылауда. Биылғы жиын-терімге 31,7 мың тонна дизель отыны бөлінсе, астықты кептіру үшін қосымша 2 080 тонна жанармай қарастырылды. Қажет болған жағдайда отынды аудандар арасында қайта бөлу жұмыстары жүргізілуде.

- Кейбір кәсіпкерлер өздерінің мүмкіндіктерін дұрыс санамай, талдамай, кейбір несиелерді алып содан кейін сол несиелерді ашып ішіп, өндіре алмайды өкінішке орай. Жанар-жағар майды толығымен игеру және де уақытылы оны фермерлерге жеткізу сатып алу операторлардан оны да толықтай жұмыстарды ұйымдастыру керек, - деп бұйырды облыс әкімі.

Асайын Байханов 2027 жылғы егіс науқанына дайындық барысында тұқым қорын толық қалыптастыруға, күзгі жер өңдеу жұмыстарын сапалы жүргізуге, техниканы уақтылы дайындауға және қоймалардың дайындығын қамтамасыз етуге баса назар аударуды тапсырды.