Павлодарлық еріктілермен жыл басынан бері жоғалған 70-тен астам адам табылды
Жергілікті тәртіп сақшылары олардың ерен еңбегін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, еріктілер полиция мен халық арасындағы байланыстырушы көпір болып табылады.
– «VITA», «Легион-14» және «Lider.кz» еріктілері хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруде полицейлерге тұрақты негізде жәрдем көрсетеді, профилактикалық іс-шараларға, акцияларға белсенді қатысады. Жыл басынан бері ғана волонтерлер хабар-ошарсыз кеткен 90-нан астам азаматты іздеуге қатысып, олардың тікелей қатысуымен жоғалған 70-тен астам азамат табылды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Халықаралық еріктілер күніне орай полиция департаментінің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен Екатерина Кудрявцева, Юлия Кукса, Наталья Пол, Иван Емьянов, Вера Пилищенко, Константин Чускаев, Антон Бочин және Елена Белова марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, департамент пен волонтерлік ұйымдар арасында іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде тиімді ынтымақтастықты, сапалы өзара іс-қимылды және ақпарат алмасуды қамтамасыз ету мақсатында келісім жасалды.