Асайын Байханов павлодарлықтарға алғысын білдірді
Облыс әкімі тұрғындарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 1 наурыз- Алғыс айту мерекесінің ерекшелігін атап өтті.
– Шынымен де, 1 наурыз - мәні терең, күнтізбедегі ерекше күндердің бірі. Бұл мереке - барлығымызды бір шаңырақтың астына біріктіріп, жүрекке жылу сыйлап, бір-бірімізге ризашылығымызды танытып, көмек көрсететін барша жанға шынайы алғысымызды білдіретін мейрам,– деп жазды аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында.
Асайын Байханов облыстың барша тұрғындарына туған өлкеміздің дамуы жолында жасампаз еңбектеріңіз бен үлестеріңіз үшін ризашылығын білдіруде.
– Ізгі көктем мерекесінде әрқайсыңызға игі істеріңіз бен бастамаларыңыз, өзара түсіністік, шынайылық пен адамгершіліктеріңіз үшін алғыс айтамын, – деп жазды ол. – Алғыс айту – адамдықтың белгісі. Сондықтан, бұл өмірде алғыс айтқан мен алғанға не жетсін!
Облыс әкімі құтқарушыларға, қиын сәттерде көмекке келетіндерге, дәрігерлерге, өрт сөндірушілерге, ТЖД Жедел-құтқару жасағы мен ТКШ коммуналдық қызметтерінің адал маман иелеріне және күн сайын қоғамға аянбай еңбек етіп жүрген барша жанға ерекше алғысын білдірді.