Павлодарда балалардың ойын алаңында ішімдік ішкендер жазалануда
Өңірде ойын алаңдарын «сыра барына» айналдырғандармен күрес басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаз мезгілінде балалар алаңдарында шулы компаниялардың жиналуы жиі кездеседі. Статистика көрсеткендей, ішімдік ішуге ең белсенді уақыт – таңертең және кешкі мезгіл. Дәл осы уақытта мұнда ішімдікке құмар топтар жиналады. Мысалы, Лермонтов көшесі, 23-үй ауласын патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары күндіз балалардың ойын алаңында алкогольдік ішімдік ішіп отырған екі ер адамды анықтады.
Сондай-ақ Назарбаев көшесі, 89-үйдің тұрғыны полицияға хабарласып, бір топ жастың балалар алаңында «сыра барын» ұйымдастырғанын мәлімдеген. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге арналған жерде екі жігіт пен екі қыздың көңіл көтеріп отырғанын анықтаған. Олар алкогольдік сусындар қойылған дастарқан жайып, уақытша «үстел» ұйымдастырған. Полиция құқық бұзушыларға қатысты хаттама толтырып, қоғамдық орындарда, әсіресе балалар алаңында алкогольдік ішімдік ішуге заңмен тыйым салынғанын ескертті.
— Жыл басынан бері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені үшін полиция 6588 хаттама толтырған. Барлық құқық бұзушылар қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың әрқайсысы айыппұл төлеуге міндетті, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары балалар алаңы қоғамдық орын болып саналатынын еске салады. «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, сондай-ақ неғұрлым ауыр қылмыстарға жол ашатын ұсақ құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытуға шақырады.