Павлодарда депутаттар екі мектептегі жөндеу жұмыстарына алаңдаушылық білдірді
Білім беру нысандарында жұмысшылар саны жеткіліксіз екені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, мониторингтік топ оқу орындарын салу және күрделі жөндеу барысымен танысты. Топ құрамында филиалдың атқарушы хатшысы Айгүл Маликова, партия қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, фракция депутаттары Асылбек Туғанбай, Айдар Құрымбаев, Елена Яровенко, Нұр-сәуле Байболатова бар.
№15 ЖОББМ-де электрмен және жылумен жабдықтау, желдету жүйелеріне ауқымды жөндеу, сондай-ақ ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы жарықтандыру бойынша жұмыстар аяқталған, найзағай бұрғыштары қойылуда. Ғимараттың ішіне жаңа шамдар, розеткалар, төбелер орнатылған. Алайда бақылау тобының мүшелері мерзімдердің бұзылуына әкелуі мүмкін бірқатар мәселелерге назар аударды.
– Нысанда екі аптадан бері мердігер жоқ, тиісті бақылау жүргізілмейді. Ішкі жұмыстар бойынша учаске шебері жоқ. Жалпы жұмысшылар саны нысанды мерзімінде аяқтау үшін жеткіліксіз, – деп атап өтті партиялықтар.
№21 орта мектепте қасбетке, шатырға және терезелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты Шымкенттен «ALTYN LTD» ЖШС орындайды. Тексеру кезінде қасбет бойынша жұмыстардың 58% және шатыр жабыны бойынша шамамен 80% аяқталды. Алайда комиссия мүшелері жұмыс қарқынына алаңдаушылық білдіріп, нысандағы жұмысшылардың тапшылығын атап өтті. Мердігерге 28 шілдеде нысанды тапсыру мерзімін сақтау үшін қызметкерлер санын көбейту ұсынылды.
№27 ЖОББМ-де спорт алаңын жөндеуге басты назар аударылды. Футбол алаңын орнату және басқа спорт түрлеріне арналған алаңдарда жер жұмыстары аяқталды. Ескі қоршауды бөлшектеу басталды, жаңа қоршау орнатылуда. Төсеніштерді төсеу 80% орындалды, сонымен қатар жарықтандыру және тренажерлерді орнату жұмыстары жүргізілуде.
Көшпелі мониторинг қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының мүшелері анықталған кемшіліктерді жою және жаңа оқу жылының басында жөндеуді уақтылы аяқтау үшін жұмыс қарқынын жеделдету бойынша бірқатар ұсыныстар берді.