Павлодар облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде
![Павлодар облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізілуде](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202502/image_750x_67ab7945cd123.jpg)
Осыған байланысты ТЖД басшылығы өңір әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожиновпен бірге өңірдегі бірнеше елді мекенді аралап шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тексеріс барысында Павлодар ауданының Ефремовка және Розовка ауылдарындағы ықтимал қауіп аймақтары қаралды.
Бұл жұмыстар су тасқыны тәуекелдеріне дайындықты күшейтуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандар су басу қаупі жоғары аумақтарды зерттеп, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын пысықтады.
Атқарылған жұмыстар барысында су тасқынының алдын алу және салдарын жоюға арналған техниканың жай-күйі тексерілді. Сондай-ақ су деңгейінің көтерілуінен қорғау үшін бөгеттерді нығайту және салу мақсатында инертті материалдардың қоры қарастырылды.
– Негізгі міндеттердің бірі – құтқару және коммуналдық қызметтердің дайындық деңгейін арттыру, ауа райы жағдайларын қадағалауды күшейту және су тасқыны кезінде жедел әрекет ету үшін қосымша ресурстар дайындау. Азаматтық қорғау қызметтерін ықтимал төтенше жағдайларға дайындауға ерекше көңіл бөлінуде. Тексеру барысында су тасқынының алдын алу және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша қажетті шаралар айқындалды. Сондай-ақ проблемалық учаскелер анықталып, оларды шешу үшін нақты тапсырмалар берілді, — деді облыстық ТЖД бастығы Рустамбек Амрин.
Өңірді көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде. Барлық тартылған қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіруге және анықталған проблемалық нүктелерді жедел жоюға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда су тасқыны қаупін азайту бағытында қосымша жұмыстар атқарылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша күш салынуда.