Павлодар облысында жұмыспен қамту бойынша инфрақұрылымдық жобалар көш бастайды
2024 жылы аталмыш жобалар аясында 731 адам жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Оның ішінде 262 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ұлттық жобаларға тоқталатын болсақ, өткен жылғы көрсеткіш бойынша 1210 орын болатын. Биыл 1467 орын бөлінген. 2023 жылы инфрақұрылымдық 180 жоба болса, биыл 199-ға жетті, – дейді спикер.
Жыл басынан бері облыс бойынша «Жайлы мектеп» пен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» атты екі ұлттық жоба және 10 тұжырымдама (еңбек нарығын дамыту бойынша, жасыл экономика, инфрақұрылымды дамыту, көлік инфрақұрылымын дамыту, құрылыс және ақпараттандыру саласын дамыту) іске асырылуда.
– Ең көп жұмыс орындары орман дақылдарын отырғызу бөлігінде «Жасыл экономика» жөніндегі іс-шараларды іске асыру жөніндегі бес жоба құрылды, – дейді Альмира Дисюпова.
Бүгінде ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобалары шеңберінде 130 жұмыс орны құрылған 47 жоба жүзеге асырылды. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына 6617 жоспар бойынша 5990 адам жұмысқа орналастырылды (90,5%).
Басшының сөзінше, жұмыс орындары құрылатын кәсіпкерлік бастамалар бойынша жастарды «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде аккредиттеуге қаржыландыру күтілуде. Барлық іс-шаралар аясында 13000-нан астам адам жаңа жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.
Айта кетейік, салыстырмалы түрде 2023 жылы 25000 мың адам еңбекпен қамтылды. 2024 жылы 26,6 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.