Павлодарда домбырашылар шеруі өтті

Павлодарда домбырашылар шеруі өтті
Фото: ұйымдастырушылар

Жас өнерпаздар халық арасындағы танымал күйлерді орындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республика күні қарсаңында Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Ұлы дала мұрагерлері» атты домбырашылар шеруін ұйымдастырды. 

Шеруге мектептің «Асыл мұра» домбырашылар ансамблінің 70 мүшесі қатысты. Жас күйшілер «Тепең көк», «Келіншек», «Жастар биі», «Нәр ағашы» халық күйлерін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл туындыларды оқушылар «100 ән – 100 күй» жобасы аясында үйренген.

Домбыраның қос ішегінен төгілген күй үні мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, ұлттық өнердің құдіретін тағы бір мәрте танытты. Бір мезетте орындалған күйлер жас өнерпаздардың шеберлігі мен өзара үйлесімін көрсетіп, рухани тұтастықтың символына айналды.

Домбырашылар шеруіне қатысушылардың бірі - 11-сынып оқушысы Аңсар Абайдың айтуынша, мұндай шаралардың жас ұрпақ үшін маңызы зор.

 – Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты қалыптастыру, қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттау. Бұл тағылымды шара ұлттық мәдениетімізді дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және халқымыздың рухани мұрасын насихаттауға өз үлесін қосуды көздейді, – дейді ол. 

«Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар шеруі ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас буынның төл өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Осындай игі бастамалар арқылы қазақтың киелі домбырасы мен ғасырлардан жеткен күй мұрасы келер ұрпаққа жалғасып, ұлттық бірегейліктің маңызды бөлігі ретінде дәріптеле береді.