Павлодарда Ертіс-Баян өңірінің өнері ұлықталды

Павлодарда Ертіс-Баян өңірінің өнері ұлықталды
Фото: автор

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Алтын бесік – туған ел» атты концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шығармашылық кештің ерекшелігі – сахнада тек Павлодар өңірі ақын-композиторларының туындылары орындалды. Концерт Рүстембек Омаров атныдағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің әртісі, жас композитор, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ұғыбайдолла Мүфтәннің «Алаш қырандары» шығармасымен ашылды. Дирижер әрі көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімов бастаған оркестр композицияны шебер орындап жұртшылықтың овацияларына бөленді.

Сахнадан Асығат Тұрғанбектің «Туған жер», Сайлау Байбосын, әні Ұябай Дінмұхамед, «Есілді бойлап жүрген шақ», Мұхит Мұқаразов пен Оңғар Қабденнің «Музыка мектебінің әні» және басқа да жергілікті зиялы қауым өкілдерінің шығармалары шырқалды. Әндерді Серік Сыздықов, Айрузи Айтмұхамет, Алиса Садовник, Әсел Арынова, Айбар Ашкеев «Беу, жігіттер», «SAMIYAN» топтары орындады. 

Иса Байзақовтың «Желдірмесін» айтқан Дәуренбек Сләмғали көрермен қауымды желпіндіріп, «браво» дегізді. «Дударай», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Ахау, керім» халық әндерін жаңаша стильде орындаған ҚР Мәдениет саласының үздігі Мадина Нургожинованың жетекшілігіндегі камералық хор ұжымы залдағыларға ду қол шапалақ ұрғызды.

-  Концерт тамаша өтті, Павлодар облысында осындай композиторлар мен ақындар бар екендігімен мақтануға болады. Мұндай концерттер көбірек болса ғой, - деді көрермен Әлия Ерғалиқызы.

Ән кешін екібастұздық Арман Рай мен Алтынгүл Бақытқан жалғастырса, ақсулық Ерболат Бортыбай Бердімұрат Ақжолдың сөзіне жазылған «Диско әнін» «Шернияз» би ансамблінің театрландырылған сүйемелдеуімен айтып шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.