Павлодарда дәрігер Серік Нұрлановты еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды

Павлодарда дәрігер Серік Нұрлановты еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды
Фото: автор

Павлодар облыстық балалар ауруханасында дәрігер-травматолог Серік Нұрлановты еске алуға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков және әріптестері мен туыстары қатысты.

Серік Қапанұлы Нұрланов 35 жылдан астам  (1982-2019 жж.) облыстық балалар ауруханасында еңбек етті. Осы уақыт аралығында бөлімшені басқарып, өңірдегі балалар травматологиясы мен ортопедиясының дамуына елеулі үлес қосты. Кәсіби ортада жоғары беделге ие болып, науқастар мен олардың ата-аналарының алғысына бөленді.

Жоғары санатты дәрігер, медициналық қызмет сапасын бағалау саласындағы тәуелсіз сарапшы, медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық медико-техникалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі.

Мемориалдық тақтаны орнатудың бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – Серік Қапанұлының жақын досы Ризабек Ибраев. Өз уақытында ол балаларын емдету үшін оған жүгінген. Дәрігердің жоғары кәсібилігінің арқасында балалары сәтті ем алып шықты. Уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы терең сыйластық пен дәрігердің адамгершілік қасиеттеріне негізделген берік достыққа ұласты.

– Ол кісінің жұмысына деген жауапкершілігі ерекше еді. Күн-түн демей еңбек ететін. Өз ісін бес саусағындай білетін мықты маман болды. Көптеген күрделі операцияларды жасады. Ресейге барып, докторлық диссертациясын қорғаған. Илизаров әдісін алғашқылардың бірі болып біздің өңірге әкелген де осы кісі. Қайда барсаң да, қай ортада болса да, Серік Қапанұлы туралы тек жақсы пікір естисің. Аурухана ұжымы да, әкімшілік те бәрі оның еңбегін жоғары бағалайды. Сондықтан ескерткіш тақта орнатуды бәрі бір ауыздан қолдады. Өйткені ол кісі бүкіл өмірін осы салаға, осы ауруханаға арнады. Осындай азаматты ұмытпауымыз керек деп ойлаймын, – дейді Ризабек Ибраев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков та Серік Қапанұлының есімі өңіріміздің көптеген тұрғындарына жақсы таныс екенін аткап өтті. Әсіресе, балаларға травматологиялық көмек қажет болғанда, көпшілік дәл осы кісіге жүгінетін.

– Травматолог мамандығы, жалпы медицина саласы жылдам шешім қабылдауды талап етеді. Ал балалар травматологиясында бұл одан да маңызды – тек дұрыс шешім ғана емес, балаға деген ерекше ықылас пен дұрыс қарым-қатынас қажет. Осындай қасиеттердің барлығы Серік Қапанұлында болды. Ол кісі облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосты. Оның еңбегінің арқасында халықтың медициналық көмекке, әсіресе балалар медицинасына деген сенімі жоғары деңгейде болды, – дейді басқарма басшысы. 

Бүгінде оның көптеген бұрынғы пациенттері өсіп, өз отбасыларын құрды. Ал шәкірттері жаңа буын травматолог дәрігерлерді тәрбиелеп, оның ісін жалғастырып келеді. Серік Қапанұлының есімі мен еңбегі облыстық балалар ауруханасында әлі елеулі. 

Серік Нұрлановпен еңбек жолын бірге бастаған ардагер дәрігер Төлеген Мутушев те ол тек өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, адам ретінде де өте биік, ерекше жан болғанын айтады. 

– Қазір оның жоқтығы қатты сезіледі, жиі еске аламын. Серік Қапанұлының шәкірттері көп. Тәрбиелеген дәрігерлері бүгінде оның ісін жалғастырып жүр. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әсіресе оңтүстіктен, Шымкенттен арнайы келіп, операция жасататын. Өте мықты маман болды, нағыз өз ісінің шебері еді, – деп еске алды ол. 

Мемориалдық тақтаның ашылуына Серік Қапанұлының келіні Гүлнәр Нұрланова және екі немересі де келді. 

–  Әкеміз бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнады. Кәсіби өмірінің барлығы дерлік осы ауруханада өтті. Оның құрметіне мемориалдық тақтаның ашылғанына өте ризамын. Ол өте қайсар адам болды. Алдына қойған мақсатына жетпейінше ешқашан мойымайтын. Рухы да мықты, мінезі де берік болды. Осындай қасиеттері оған кәсіби тұрғыда үлкен биіктерге жетуге көмектесті. Бүгінгі күнге дейін қала ішінде адамдар кездесіп, «Серік Қапанұлының арқасында балам, немерем мүгедек болмай, қатарға қосылды» деп алғысын айтып жатады. Соған біз өте ризамыз, – деді Гүлнәр Нұрланова.

Айта кетейік, Серік Нұрланов «Құрмет» орденімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 2016 жылы «Алтын скальпель» номинациясы бойынша өңірдің үздік дәрігері атанды.

2019 жылғы 17 қыркүйекте өмірден өтті.