Павлодарлық тарихшы: Үкіаяқ қорғаушы күш ретінде тағылған

Павлодарлық тарихшы: Үкіаяқ қорғаушы күш ретінде тағылған
Фото: @jeweller_berik_alibai

@Pavlodarnews.kz тілшісі күміспен құрсаулап тағатын сәнді бұйымның мәнін сұрастырып көрді. 

Ерте заманда тақияға, сәукелеге және тұмар ретінде де қолданылып жүрген қазақ әшекейлерінің бірі – үкіаяқ. Үкінің аяғын күміс пластинамен қаптап, тас пен теңгелерден ілмек таққан. Бұйымның пішінін металдан да құйып жасаған. 

– Қазақстан мен Орта Азия аумағында кейбір құстарға қырғауыл, әтеш, тауыс, ал қазақтарда бүркіт пен үкі құстары ерекше қасиетті күш береді деп санаған. Құстарды құрметтеудің іздері тұмарларда, зергерлік бұйымдарда құс бейнелері мен тырнақтардың түрінде сақталады, – деді облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартова.

Оның сөзінше, үкіаяқ қалыңдыққа болашақта отбасылық өмірде әл-ауқат пен бақыт әкелу үшін тағылған. 

– Құстардың қауырсындары мен тырнақтары сиқырлы қасиеттерге ие болды. Олар сырғаларға, маңдай әшекейлеріне бекітілді, – деді Әлия Жомартова.

Үкіаяқты құстың екі тырнағын екі жаққа қарата күміспен құрсаулап қаптап, жоғарғы жағын өзара дәнекерлеп біріктіріп жасайды. Ал төменгі жағына күміс салпыншақ бекітіледі. 

– Бұл әшекейді әйелдер мен қыз-келіншектер сырға немесе бойтұмар ретінде таққан. Сондай-ақ, қамзолға да іліп, тағып жүретін. Үкіаяқ жаман көзден сақтап, күшті тұмар деп саналған, – деді Әлия Жомартова.

Ата-бабалар үкі қауырсыны кішкентай балаларды да әртүрлі аурулардан қорғайды деп сенген. Сондықтан ересектер үкіні балалардың тақияларына да тағып қоятын. 

– Құстардың қауырсындары тек бас киімге арналған зергерлік бұйымдармен безендірілген. Бұл ежелгі діни көзқараста құстардың сыртқы келбетіне еліктегіш ретінде көрінуі мүмкін, – деп атап өтті тарихшы. 

Этнографтардың пайымдауынша, түнде ұйықтамайтын құстың өмірімен байланысты үкі қауырсындары олардың иесін немесе затын қорғайды. 

– Үкі сакрализациясы әлемнің көптеген мәдениеттерінде кездеседі. Ол көбінесе көріпкел, хабаршы, даналықтың тасымалдаушысы ретінде саналды, – деді Әлия Жомартова.

Сонымен қатар бұл бұйымды шеберлер күміспен көмкеріп, ерекше нақышпен әзірлеген. Облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларында үкіаяқтың бірнеше түрі сақтаулы тұр.