Павлодар облысында қызылшаның алпыстан астам жағдайы тіркелді

Павлодар облысында қызылшаның алпыстан астам жағдайы тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде ауруға шалдыққандардың басым бөлігі вакцина алмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында халықты иммундау мәселелері бойынша штаб отырысы өтті. Жиынды басқарма басшысы Ермек Кучуков өткізді. Оған облыстың барлық медициналық ұйымдарының басшылары қатысты. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Дина Шақратова мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырхан Әлиев баяндама жасады.

Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда қызылшаның 4226 расталған жағдайы тіркелген. Оның 61-і Павлодар облысына тиесілі. Ауру жұқтырғандардың қатарында 11 ересек және 50 бала бар. Науқастардың шамамен 90 пайызы вакцина алмаған.

Мамандардың айтуынша, вакцина алмаудың негізгі себебі – екпеден бас тарту. Тек екі жағдайда ғана медициналық қарсы көрсетілім тіркелген.

Сонымен қатар 2026 жылғы 19 ақпандағы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, балаларды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина алған жағдайда ғана жүргізіледі. Екпе госпитализациядан кемінде 21 күн бұрын салынуы тиіс. Бұл талап тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі бар балаларға қолданылмайды.

Жиын қорытындысы бойынша иммундау жұмыстарын күшейту, эпидемиологиялық алдын алу шараларын жүргізу және халық арасында профилактикалық вакцинацияның маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.