Павлодарда ең үздік әже мен немере анықталды

Павлодарда ең үздік әже мен немере анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Дәстүрімнің балқаймағы – әжелер!» атты сайыс өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаңырақ күні Кенжекөл ауылындағы Қамар Қасымов атындағы мәдениет үйінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ облыстық филиалының қолдауымен және «Асыл қазына» клубының бастамасымен сайыс өтті.

Аталған сайысқа ауылдың тұрғындары төрт жұп әжелер мен немере қыздар қатысты.

–  Жанұядағы әже мен немере арасындағы қарым-қатынасты нығайту, әжеге деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, қазақтың салт-дәстүр, әдет ғұрыптарын бойға сіңіру мақсатында өткіздік, – дейді мәдениет үйінің директор Сандуғаш Асаубаева.

Сайыс төрт кезең бойынша өтті. «Менің әжем жақсы жан» атты алғашқы кезеңде қатысушылар алдын ала дайындаған бейнероликтерін көрсетті. 2-кезеңде отбасының ұйтқысы саналатын әже мен немеренің әңгімесі арқылы отбасындағы ұлттық тәлім-тәрбиені, туыстық-сыйластықты көрсете отырып, қалыптасқан дәстүрді, әжесінің қолөнері мен немересінің бойындағы бір өнері көрсетілсе, үшінші кезеңде шаш өру барысын көрсетілді. Соңғы кезеңде сұрақ-жауап сайысы өтті.

Сайыс қорытындысы бойынша Аязхан Масен апа мен Мөлдір Дубай «Ең үздік әже мен немере», Майкеш Нығманова апа және Адила Сансызбай «Дәстүрін сақтаған отбасы», Бағдат Ахметбекова апа және Кәусар Қанат «Шебер әже, зерек немере», Күлзимаш Нәжмиденова апа мен немересі Айзере Тәліп «Ең өнерлі әже мен немере» номинацияларына ие болды.

Қатысушы әжелер мен немере қыздары «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ облыстық филиалының атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Барша қатысушыларға ұлттық нақышта безендірілген тақия мен әшекейлер берілсе, әжелерге ыдыс жиынтығы табыс етілді.