Өнер қысып жылап отыр. Шәкен Аймановтың туғанына - 110 жыл

Өнер қысып жылап отыр. Шәкен Аймановтың туғанына - 110 жыл
Фото: kazakhcinema.kz/ru

Бүгін – ұлт мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш режиссер Шәкен Аймановтың туған күні. 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Айманбұлақ ауылында туған. Азан шақырып қойған есімі – Шаһкерім. Ауыл мектебін бітіріп, Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. 1953 жылы театрдан киноға ауысады. 

Фото: Константин Шелков

Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр

Шәкеннің әкесі Кенжетай балаларына жастайынан домбыра үйретіп, өнер мен ән-күйге баулып өсіреді. Өзі саятшылығымен аты шыққан, өнерге құмар жан болған. Бала күнінде қара жұмысты аса ұната қоймаған, жақындары бір іске жұмсаса, ауырып қалған сыңай танытатын болған. Осы қулығы үшін ұрысқанда ауыл маңындағы Серектастың басына шығып алып жылайды. Әкесінің ағасы Аббас оны қорғап «Тиіспеңдер оған. Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр» деп басқаларды жолатпаған.

Режиссер ағылшындарды бешбармақпен таң қалдырған

Отелло бейнесі – Шәкен Аймановтың жұлдызды рөлі. Англияда Шекспирдің 400 жылдығына арналған салтанатты кеште Айманов Отеллоның монологын оқыған және бұл нағыз жұлдызды сәт болған. Бұған дейін ұлы драматургтың туындысы британ сахнасында ешқашан қазақ тілінде орындалмаған. Бұдан кейін режиссер Тұманды Альбион тұрғындарын одан әрі таң қалдыру үшін оларға бешбармақ дайындайды. Ол тамақты үстелге қоймас бұрын қонақтардан қолдарын жууды өтінеді және  шанышқы мен қасықты бір жаққа қойып, қазақша ет жеу керектігін көрсеткен. Ағылшындар  оның бұл әрекетін жылы қабылдап, риза болған деседі. 

Шәкен Айманов атындағы киностудия мен кинотеатр, мұражай, мектеп

Олардың бірі Алматыда, екіншісі Павлодар қаласында орналасқан. 1984 жыл – «Қазақфильм» киностудиясына ұлттық кинематографияның көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың аты берілді (Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы). 2005 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы» болып қайта құрылды.

Павлодар қаласында Шәкен Айманов  кинотеатры жұмыс істейді. Орташа алғанда ай сайын әртүрлі жанрдағы 25-тен 40-қа дейін фильм көрсетіледі: драмалар, қорқынышты, триллерлер, комедиялар, ертегілер мен мультфильмдер. Бұл кино орталығында бір күнде 17 киносеанс өтеді, фильмдер кестесі үш күнде бір рет жаңартылады.  

Алматыда 2019 жылы 16 қыркүйекте «Қазақфильм» киностудиясында қазақ киносы және Шәкен Айманов атындағы мұражай ашылды.

Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің Шәкен Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаты. 

Режиссердің құрметіне орнатылған ескерткіштер

2015 жылы 15 қазанда Баянауыл ауданының орталығында қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановқа арналған ескерткіш бой көтерді. Баянауыл баурайында бой көтерген ескерткіштің биіктігі – төрт метр, қоладан құйылған. Қазақ киносының негізін қалаған дара тұлғаға арналған ескерткіштің авторы – Асқар Нартов.

Памятник Ш. Айманову в Баянауле.

Фото: silkadv.com/ru

2019 жылы Алматыда қазақ режиссері Шәкен Аймановтың қола мүсінінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Авторы – қазақстандық мүсінші Нұрлан Далбай. Кинорежиссердің қола мүсіні табиғи 1,2 көлемде жасалып, граниттен жасалған 30 сантиметрлік тұғырға орнатылған.

2023 жылы қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орай баянауылдықтар төл перзентінің есімін ұлықтау шараларын бастап кетті. Әйгілі жерлесіміздің атындағы мектеп-интернатта бюст ашылды.  Бюсті жасауға «Едіге Шоң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаржылай көмек көрсеткен. Биіктігі – 3,25 метр, тұғыры бүтін гранит тастан жасалған. Авторы – Асқар Нартов. Ол әйгілі жерлесіміздің бұған дейінгі ескерткішін де құйып шыққан.

Ұлт мақтанышының есімі берілген көшелер

Шәкен Айманов көшесі – Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында, «Сарыарқа» ауданында орналасқан. Жақып Омаров көшесінен басталып, Ықылас Дүкенұлы көшесінде аяқталады. Бөгенбай батыр даңғылы және Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдин көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1475,7 метр.

Алматыда көшеге аса талантты кино режиссері, КСРО халық артисі, театр және кино актері, қоғам қайраткері Шәкен Аймановтың есімі (Алматы қаласы атқару комитетінің 14.07. 1972 №02-10/993 шешімі) берілген. Көше Бостандық және Алмалы аудандарында, Төле би даңғылынан басталып, Байқадамов көшесіне дейін созылып жатыр.

Наргиз Күбеш

Павлодар қаласында және Павлодар ауданының Заря ауылында Шәкен Айманов көшелері бар. 

Театрдағы үздік рөлдері: Ақан сері («Ақан сері — Ақтоқты», Ғ. Мүсірепов), Қобыланды («Қарақыпшақ Қобыланды», М. Әуезов), Казанцев («Түнгі сарын, М.Әуезов), Тихон («Найзағай» А. Островский), солдат Шадрин («Мылтықты адам», Н. Погодин), Петруччио («Асауға-тұсау»,  Шекспир), Отелло («Отелло», Шекспир).

Фото: kazakhcinema.kz/ru

Режиссерлік еңбектері:

  • 1954 «Дала қызы» (К. Гаккелмен бірге)
  • 1954 «Махаббат туралы аңыз» (К. Гаккелмен бірге)
  • 1956 «Біз осында тұрамыз» (М. Володарскиймен бірге)
  • 1957 «Біздің сүйікті дәрігер»
  • 1961 «Бір ауданда»
  • 1961 «Әуен шақырады»
  • 1962 «Жол торабы»
  • 1964 «Алдар көсе»
  • 1966 «Атамекен»
  • 1968 «Тақиялы періште»
  • 1970 «Атаманның ақыры»

1952 жылы «Абай» (М.Әуезов, Л.Соболев) қойылымы үшін Сталин атындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болады. 1938 жылдан бастап Шәкен Айманов кеңес кинофильмдеріне түседі. 1954 жылдан бастап режиссер болып, бірқатар фильмдерді түсірді. 1959 жылы КСРО Халық әртісі атағын иеленді. 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл сыйлық Шәкен Аймановқа қаза болғаннан кейін берілген болатын.  

1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында көлік апатында қайтыс болып, Алматыдағы Орталық зиратта жерленген.