Екібастұздық ана: Үлпершек – анасының ұзатылған қызына арнаған тағамы

@Pavlodarnews.kz тілшісі халқымызда ескіден келе жатқан анасының төркіндеп келген қызына дайындайтын тағам туралы анықтап, білді.
Қоянды ауылдық клубының мәдениет ұйымдастырушысы, «Кәусар» әжелер тобының және «Шабыт», «Алтын оймақ» шығармашылық топтарының жетекшісі Қазына Алпысбаева – ұлттық тағамдар дайындаудың хас шебері.
Ұмыт қалған тағамдарды жаңғыртып жүрген ана шамамен 20-дан астам ұлттық тағамдарды дайындайды.
– Үлпершек – қыздары алысқа тұрмысқа шығып, төркіндеп келгенде қызына табаққа тартуға аналары дайындап қоятын тағам. Бұрынғы заманда қызы келгенше бұзылып кетпесін деп ұнның ішіне салып сақтап қоятын болған, – деді Қазына Алпысбаева.
Шебердің айтуынша, тағамды ірі қара малдың жүрегінің екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен іш май салып дайындайды. Содан соң тілінген жағын мұқият тігеді. Қазанға салып, үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады.
Аналар қызы үйіне келгенде «Сен алысқа шықсаң да біздің жүрегіміз сенімен бірге» деген мақсатта үлпершек тағамын дайындаған екен.