Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Ұлттық домбыра күнін ерекше қолдады
Павлодар облысында Ұлттық домбыра күніне орай жас мәдениет қызметкерлеріне домбыра табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты шара барысында Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко өңірдегі бірқатар мәдениет мекемелерін аралап, жас мамандармен кездесті.
Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі, ал домбыра қазақ халқының болмысын, тарихын және ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын басты нышандардың бірі саналады. Ұлттық музыканы сақтау, дәстүрлі өнерді қолдау және жастардың мәдени мұраға деген құрметін қалыптастыру – ел болашағы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Өйткені ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі жас буынның еншісінде.
Ұлттық домбыра күніне орай Илья Теренченко мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарға домбыра тарту етті. Бұл сыйлық жай ғана естелік емес, ұлттық дәстүрге деген құрметтің, сенімнің және Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мен дамыту жолындағы үлкен жауапкершіліктің белгісі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастама жас мамандарды ұлттық өнердің құндылықтарын мақтан тұтуға, қазақ музыкасын кеңінен насихаттауға және отандық мәдениетті дамытуға өз үлесін қосуға ынталандырады.
Іс-шара аясында Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Бұқар жырау музейінде, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театрында, Қалалық мәдениет сарайында, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханада және JEBE қоғамдық бірлестігінде болды. Әрбір мекемеде мәдениет саласының жас өкілдеріне Ұлттық домбыра күніне орай домбыралар табысталды.
Кездесулер барысында қатысушылар шығармашылық жетістіктерімен бөлісіп, ұрпақтар сабақтастығының маңызы мен жастардың рухани мұраны сақтаудағы рөлі туралы пікір алмасты.