Павлодарда экс-жұмысшы зейнетақы жарнасының өсімпұлын өндіріп алды

Павлодарда экс-жұмысшы зейнетақы жарнасының өсімпұлын өндіріп алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында акционерлік қоғамның бұрынғы қызметкерінің талабы қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін заңды күшіне енген сот шешімімен жұмыс берушіге 2014 жылғы 1 қаңтардан 2017 жылғы 31 наурызға дейінгі кезең үшін міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аудару міндеті жүктелген.

Алайда бұл шешім тек 2025 жылғы 22 тамызда орындалған. Осыған байланысты талап қоюшы жарналардың кешіктіріліп аударылған әрбір күні үшін заңнамада көзделген өсімпұлдың төленбегенін көрсетіп, сотқа жүгінген.

Сот отырысында жауапкер өкілі талап қоюға қарсы шығып, талап қоюшының мұндай талап қою құқығы жоқ екенін және талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартқан.

– Әлеуметтік кодекске сәйкес, агент уақытылы аударылмаған міндетті кәсіби зейнетақы жарналарымен бірге есептелген өсімпұлды да жұмысшының пайдасына төлеуге міндетті. Жұмыскердің өсімпұлды өндіріп алуды талап ету құқығы заңда тікелей көзделген, – деді қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

Сот талап қою мерзімін даулы жарналар нақты аударылған күннен, яғни 2025 жылғы 22 тамыздан бастап есептеу қажет екенін атап өтті. Талап заңда белгіленген мерзімде берілген деп танылды.

Нәтижесінде сот талап қоюды толық көлемде қанағаттандырып, акционерлік қоғамды талап қоюшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына өсімпұл аударуға міндеттеді. Сонымен қатар жауапкерден мемлекеттік баж өндірілді.