Павлодарда алимент төлемейтін борышкерлерге рейд күшейтілді

Павлодарда алимент төлемейтін борышкерлерге рейд күшейтілді
Константин Шелковтың фотосы

Қазіргі таңда шаһарда 297 адам әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық әділет департаменті басшысы орынбасарының м.а. Айнұр Канопьянованың сөзінше,  облыста қазан айынан бастап әлеуметтік маңызы бар істерді орындау шеңберінде әділет департаменті, прокуратура, полиция органдары және жеке сот орындаушылары бірлескен рейдтік іс-шараларды қарқынды түрде жүргізуде.

– Рейд барысында борышкерлердің тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, тіркеуде тұрмауы туралы актілер толтырылды, жұмыссыз жүрген борышкерлерге жұмыс іздеуші ретінде есепке тұру қажеттігі жөнінде ресми хабарламалар берілді. Сонымен қатар, 23 борышкерге әкімшілік хаттама толтырылды, – деп бөлісті басқарма басшысы. 

Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 15 жылжымайтын мүлік алимент қарызын өтеу есебінен өндіріп алушыларға берілді, жалпы сомасы 61 миллион теңгеден асты.

Жыл басынан бері әділет департаменті алимент төлемдері бойынша міндеттерін орындамаған 297 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.

– Сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында заңнамада борышкерлерді міндеттеудің түрлі тәсілдері қарастырылған. Соның ішінде ең тиімді құралдардың бірі – ҚР бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту. Аталған бап бойынша сот актісін орындамау: айыппұл салуға, немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады, –  деді Айнұр Канопьянова.   

Бірінші қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа әкімшілік жаза түрі – қоғамдық жұмыстар заңды күшіне енді. Осы уақыт ішінде әділет департаменті сотқа 42 материал жолдаған, оның ішінде тоғыз борышкерге қоғамдық жұмыстар тағайындалды.

Олардың алтауы – алимент төлемеушілер.

Басқарма басшысының сөзінше, қоғамдық жұмыстар көбіне: аудандық әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер арқылы ұйымдастырылады.  Олар: қар тазалау, аула абаттандыру, аумақты ретке келтіру сияқты жұмыстарды қамтиды.

Әділет департаменті өкілдері бұл бағыттағы жұмыстың ерекше маңыздылығын атап өтті, себебі алимент өндірісі – балалардың және отбасының тікелей мүдделеріне қатысты әлеуметтік маңызды мәселе.