Павлодарда «Ел анасына» құрмет көрсетіледі
«Достық» үйінде қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесі мен «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилованың 75 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шараға қатысқан республикалық аналар кеңесінің мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы Қамал Әлпейісова мерейтой иесін құттықтап, «Ел анасы» деген атақты алып жүру оңай емес екенін атап өтті.
– Біздің аналар кеңесінде жалпы 13 мыңнан астам әйел жұмыс істейді. Оның ішінде ҚР бойынша республикалық аналар кеңесінің шешімен ең алғашқы «Ел анасы» деген атақты алған – Бақытжамал Шаханқызы. Мұндай атаққа сай болу оңай емес. Үлгілі қыз, керемет жар бола білген Бақытжамал апамыздан көп үлгі алуға болады. 55 жыл бір шаңырақ астында жолдасымен бірге көпке өнеге көрсетіп келеді. Қоғам мен отбасы ісін қатар алып жүріп, балаларға жақсы тәлім-тәрбие беру өте маңызды. Міне, осы қасиеттердің барлығы Бақытжамал Шаханқызының бойынан табылады. Жасыңыз жүзге жетісін! – деп Қамал Әлпейісова жүрекжарды тілегін білдірді.
Салтанатты жиынға келген қонақтар, шығармашылық зиялы қауым, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мерейтой иесіне деген жылы лебіздерін жолдады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөккев «Ел анасы» атанған Бақытжамал Шаханқызы көптеген қыздар мен келіндерге үлгі болатынын атап өтті.
– Бұл дүниеге қазақ қызы болып келгеніме ризамын. Қазақ елінің келіні, әжесі болдым. Бүгінде еңбегімнің еленіп, құрмет көрсетіліп жатқанына алғысым зор, – деп мерейтой иесі ризашылығын білдірді.
Бақытжамал Шаханқызы 1948 жылы Павлодар ауданында дүниеге келген. Семей қаласындағы педагогикалық институтты бітірген соң, 45 жылдан астам білім саласында қызмет атқарды. Өмірінің 20 жылын жетімдерге және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арнады. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғырту және насихаттау, ана тілін, тарихты, мәдениетті үйретуге қосқан үлесі үшін 2019 жылы ҚХА «Мейірім» төсбелгісімен марапатталса, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында атқарған жұмыстары үшін ҚР «Генералдар кеңесінің» төралқа шешімі бойынша «Кеңес Одағының екі мәрте батыры, генерал майоры Талғат Бегелдиновтың естелік медалімен наградталады. Сондай-ақ 2019 жылы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды. Былтыр республика бойынша ең құрметті атақ – «Ел анасы» төсбелгісімен марапатталады.