Павлодарлық оқушылар Көрісу күнін бауырсақтың 12 түрін пісіріп қарсы алды

Павлодарлық оқушылар Көрісу күнін бауырсақтың 12 түрін пісіріп қарсы алды

Қаланың бірнеше мектебі бір-біріне қонаққа барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Көрісу күні немесе Амал мерекесі – қазақ халқында көнеден келе жатқан мерекелердің бірі болып саналатын. Бұл күннен бастап Наурыз мейрамын тойлау басталады. «Жас дарын» мектеп-лицейі Көрісу күнін  «Бауырсақ Fest»  фестивалін ұйымдастыра отырып, ерекше атап өтті. Білім ордасына облыстық көпсалалы дарынды балаларға арналған лицей-интернаты мен  дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушылары қонаққа   шақырылды. Мектептің кіреберісінде барлық мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар оларды домбыраның күмбірлеген күйімен, жылы құшақтасумен қарсы алды.

Келген қонақтар дастарханға қойылған бауырсақтың 12 түрінен дәм татты. «Бауырсақ Fest» фестивалін өткізуге мектептің әжелер кеңесі мен аналар кеңесі мұрындық болды. Әр сыныпқа алдын ала бауырсақтың бір түрі берілді. Дәметкен Жүгенованың екі немересі «Жас дарын» мектеп-лицейінде 6 және 7-сыныптарда оқиды. Олар бірге ши бауырсақтарды дайындаған. Оның сөзінше, әжелер кеңесінің мүшелері әрбір мерекеде қалмай, шараларды ұйымдастыруға атсалысады. 

– Мұғалімдер мен ата-аналар өте тығыз байланыста. Мен немерелеріммен ши бауырсақты әкелдім. Ол басқа бауырсақтардан ашытқы қосылмайтындығымен ерекшеленеді. Айлар тұрса да көпке сақталады, бұзылмайды, сол қалпында тұра береді,– деді Дәметкен Жүгенова. 


Оның сөзінше, Көрісу мерекесінің мәні – адамдардың ауызбіршілігі мен татуластығында. 

– Ағайын арасында бір түсініспеушілік болып жатса, Амал мерекесінде бір-бірімен құшақтасып, төс қағыстырып, реніштердің бәрін ұмытады. Яғни, Жаңа жылда ренішті тастап, жақсылыққа бастама деп айтуға болады, – деді ол.

Лицейдің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айнаш Сырттанованың сөзінше, «Бауырсақ Fest» фестивалі алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. 

– Жыл сайын Көрісу күнін қарсы аламыз. Биыл Наурыз жаңа форматта тойланып жатыр. Ал «Бауырсақ Fest» фестивалінің тәрбиелік мәні – балалар ұлттық тағамдарымыздың түрлері туралы толығырақ біліп, көріп үйренуінде, – деді Айнаш Сырттанова.

Әжелер кеңесінің тағы бір мүшесі Гаухар Кәрібаеваның немересі алтыншы сыныпта оқиды. Олар да ши бауырсақ пісірген.

– Біздің облыста Амал мерекесін тойлап бастағанына екі-үш жыл ғана болды. Ата-бабаларымыз киіз үйде тұрған кезде Көрісуді тойлаған еді. Қыстаудан аман-есен шыққанын ағайын-туыстардан сұрастырып, бір-бірін көріп, құшақтасатын,– деді Гаухар Кәрібаева.


Шараның соңында екі мектептерге бір-бір қоржыннан сыйға тартылды. Енді №8 лицей-мектебінің оқушылары өздері қарсы алған қонақтардың мектептеріне баратын болады.